Ұлт бағына туған тұлға

Dalanews 01 желт. 2019 06:19 392

Бірінші толғау. Халық деп соққан жүрегі

Халқым сүйдім мен сені,
Еркелеттің сен мені
Махатма Ганди


Адамзаттың анасы – қасиетті қара жер мен тіреусіз, киелі Аспан жаратқан, көк күмбездей төңкерілген зеңгір көкке Ай мен Күн орнатып, оны алтын шеге – самаладай самсаған сансыз жұлдыздармен бекіткен құзыреті шексіз, мейірімі мол, шапағаты зор Алла Тағаланың халқымызға сыйлаған баға жетпес екі бақыты бар, бірі – қаннан да қымбат, жаннан да тәтті Тәуелсіздік, екіншісі – Тәуелсіздік туын берік ұстап, тақыр жерге тау тұрғызғандай, шөл даланы гүл қалаға айналдырғандай асқан ерлікпен, алдағыны көріп, алыс­ты болжаған көрегендікпен мемлекет құрған, оның керегесін кеңейтіп, шаңырағын шайқалтпай ұстап тұрған, ұлт бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев!

Бұл жайдақ сөз, жалаң мадақ емес, оған ол зәру де емес. Ұлт үшін туған тұлғаның қадір-қасиетін бала да, дана да біледі, сырт көз сыншылар да, әлемдік деңгейдегі әйдік саясаткерлер де Нұрсұлтанның кемел ойлы кемеңгерлігін талай мәрте сүйсініп, қадап, қайталап айтумен келеді. Елбасымыз жайлы әлемге аян парасатты пайымдауларды қайталап, оқырман уақытын алмай-ақ қоялық.

Демокриттің сөзімен айтсақ: «Мемлекет басқару – өнер атаулының төресі». «Өнер атаулының төресінде» төбе би болып отырған Нұрсұлтан талай қиын кезең, қысталаң шақта қиын істердің қисынын келтіріп, өтпелі кезеңнің өзінде де елді өрге сүйреп келеді. Оған дәлел болар миллион мысалдың бірер мысалы мынау: Ұлттың көсемі Ахмет Байтұрсынов: «Алашқа аты шыққан адамдар! Көсемдіктеріңді адаспай түзу істеңдер! Сендер адассаңдар – арттарыңнан алаш адасады: арттарыңнан ергендердің обал-сауабына сіздер қаласыздар», деп жазды.


Нұрсұлтан Назарбаев көсемдікті «адаспай, түзу істеп» келеді. Бұған дағдарыстар кезінде қабылдаған шұғыл шешімдері, теңгені дер кезінде өмірге әкелуі, Астананы Арқаға көшіріп, қысқа мерзімде сымбаты бөлек сұлу қала салуы, бірін-бірі қайталамайтын жыл сайынғы халыққа Жолдауы, Семей полигонын жапқан ерлігі, елді дағдарыстан дамуға жеткізген ерен еңбегі, Біріккен Ұлттар Ұйымының мәртебелі мінбесінен сөз ұзатып, адамзат тағдыры жайлы толымды ой толғауы, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болып, төменнен төрге озып қана қоймай, 2010 жылы желтоқсан айының екінші жұлдызында түнгі сағат он екіде 56 елдің көсемдерін мәмілеге келтіріп, Астана декларациясын қабылдауы, Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануы, халықтың латынға көшуі, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты теңіздей терең ойлы, халықты кемел келешекке бастайтын асқан ауқымды, аса маңызды мақаланың жазылып, онда айтылған ойлардың жүзеге аса бастауы айқын айғақ.

Елбасы атынан қымбат асыл сөздерді шетелдерде ғана емес, өз елімізде де айтып жүр. Ол сөздерінің бәрі – халыққа жол көрсетіп, бағыт беріп тұрған бағдаршам, адастырмас ақ жұлдыз! Осы тұста Омар Һаямның айтқан:

Мейлі, ол болсын артық жаратылған,

Мейлі, ол дана дейік дара туған.

Сөзінде тұрлау бар ма соған қара,

Өйткені сонда жатыр бар ақыл, мән, – дегені ойға оралады. Ең бастысы, Елбасының сөзі мен ісінің арасында айырма жоқ.

Елбасының сенімді серіктері­нің  бірі Махмұт Қасымбеков «Егемен Қазақ­станда» жарияланған (26.06.2012 жыл) «Президенттің конспектісі» атты мақа­ласында: «Еңбек адамының өзінің тұрмыс жағдайын жақсартуға мүдделілігін арттыру Президент конспектісінің бас­ты арқауы деуге болады»,  деп жазды. Бұл сөздің шындығы Елбасының күнделікті қызметінен айқын көрініп жүр. Нұрсұлтан Назарбаевтың күні-түні ойлайтыны – халықтың қамы. Бұған Елбасының: «Менде халықтың тағдырынан бөтен тағдыр жоқ» деген сөзі және сол сөздің үдесінен шығып жүрген ісі, халық деп соққан жүрегі дәлел.

 

Екінші толғау. Елбасы – елдің тірегі

Мемлекетті құтқару үшін бір ғана ұлы адам жеткілікті.
Мари Франсуа Вольтер


Тарих-Ана ұзақ толғатып, сирек туатын ұлы адам алмастай асыл, алтындай аз, құс сүтіндей қат. Ұлы адамның өмірге келуі – тарихи оқиға.

Ұлының аты – ұлы! Оның арманы да асыл, бақыты да ұлы. Ұлы Адам өзінің емес, ұлтының, елінің жайын ойлайды. «Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез, қайда жүрсем де бір сәтте тыныш таптырмайды» деп жазды Елбасы «Ұлы Дала ұлағаттары» атты кітабында.

Өмірде көпті көріп, көкірегіне көп ой түйген ақылман аға Бәйкен Әшімов ана бір жылы 90-нан асқан жасында ел газеті «Егемен Қазақстанда» жарияланған «Азаматтың амандығын тілейік, ағайын» атты сұхбатында былай деп толымды ой толғапты:

«Нұрсұлтан Әбішұлының Магниткада горновой бола жүріп, оттың ортасында шынығып, шыныққаны белгілі. Елбасымыз сонымен бірге сан түрлі адамдардың, сан түрлі ұлттардың басы тоғысқан жерде жұмыс істеу арқылы да ерекше шынықты. Шығыс пен Батыстың дүниетанымын қатар сезініп тағы шынықты. Екі қоғам, екі жүйе оны заманның көрігіне салып тағы шынықтырды. Осының арқасында біз қазір бүкіл әлем білетін, алыс та, жақын да мойындайтын, санасатын, сыйлайтын басшыға ие болып отырмыз».


Бұдан бұрын да «Ел аман болсын, Ел бағына туған Ер аман болсын», деп («Егемен Қазақстанда») ағалық ақ тілегін айтқан Бәйкен ағаның Нұрсұлтан жайлы сөздері алшы түсер асыққа құйылған қорғасындай көңілге қона кетеді.

Өзін ойлаған – құлқынның құлы, халқын ойлаған – ұлы!

Тәуелсіздікті алудан оны сақтап тұру әлденеше есе қиын. Азаттық халыққа қаншалықты қуаныш, бақыт сыйласа соншалықты қиыншылық та алып келеді. Баяғыдан бері қалыптасқан байырғы мемлекеттердің де проблемалары аз емес. Ал енді ғана азаттық алған тәуелсіз жас мемлекетті құру, оның күрмеуі қатты күрделі түйіндерін шешу – қиынның қиыны. Елбасы ел өміріндегі небір қиын түйіндерді өзіне тән асқан ақыл-парасатпен тарқатып келеді. Бір ғана мысал, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында халық еңбекақы, жәрдемақы ала алмай Қарағанды шахтерлері митингіге шыққан қиын кез, қысылтаяң шақта Елбасы кейбіреулер сияқты жылы кабинетте отырмай, халықтың қалың ортасына барды. Шахтерлерге өтірік айтқан жоқ, қиындықты бірге еңсерді.

Тәуелсіздіктің 26 жылында жеткен табыстарымызға әлем таңғалды. Тарих үшін қас-қағым ғана уақытта ғасыр жүгін арқалап, әлем­дік қоғамдастықтан ойып тұрып өз орнын алған Қазақстан бүгінгі биігіне оп-оңай жеткен жоқ. Көш бастаған көсемі кемең­гер, елі еңбеккер болғандықтан бір биік­тен соң бір биікке ентікпей еркін көтері­ліп, аңызды ақиқатқа айналдырып келеді.

Бір-біріне оқ атқан, бақытын содан жоғалтқан ағайын халық әзірбайжан мен армяндарға, орыс пен украинға, Ресей мен Түркияға, ара ағайын болып, баянсыз, бақсыз Сирияға да араша түсіп, бақытқа барар бағытты көрсетіп тұр.

Өңірлік қана емес, өмірлік шиеленіс­терді де шешуге батыл қадам жасап, оң нәтижелерге жетіп келе жатқан Қазақстан өзінің  кемел ойлы, кең тынысты кемеңгер көсемі Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен «Нұрлы жолмен» аршынды адымдап, «Мәңгілік елге» беттеп барады.

Тарихтың дауылы мен жауынында, өрті мен дертінде, селі мен сергелдеңінде тапқанынан жоғалтқаны көп қазақ халқы дәл бүгінгідей бақытты болған емес. Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған осы дәуір – Назарбаев дәуірі – дариға дәурен, көңіл шат, бақытты шақ!

Содан да Бұқар жырау айтқан: «Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай!» дейтін аталы, баталы сөзді сан қайталап, сансыз алғыс айтамыз, ұлт бағына туған тұлға – Нұрсұлтан Назарбаевқа!

Алла Тағала мейірімі түсіп терең ақыл, тегеурінді күш, қайрат, парасат патшасы деуге лайық пайым берген Нұрекең жайлы кезекті ақжарма сезімдерімді ақ қағазға ақ қанатты періште көңілмен қондырған осы бір сәулелі сәтте менің ойыма адамзаттың Айтматовы атанған Шыңғыс Төре­құл­ұлының: «Нұрсұлтан Назарбаев – халықтың бағы» деген сөзі оралды.

 

Үшінші толғау. Жүдесе ел деп жүдеді

Ең алдымен ел қамы,
Сонан кейін қалғаны.
Қадыр Мырза-Әлі


Ұлт бағына туған тұлға Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жайлы ойлағанда менің есіме ұлы стратег Шыңғыс ханның Қарақорымның күрең қызыл мәрмәр тасына қашап жазылған:

Алтын денем қалғыса да,
Ардақты елім солмасын.
Бүтін денем қажыса да,
Бүкіл елім тозбасын.
Абзал елім даңқы артсын.
Бүкіл денем қиналса, қиналсын –
Бүкіл елім топтансын! –

деген сөзімен үзеңгілесе Елбасының «Мен үшін елімді дамыған мемлекеттердің сапына тұрғызып, санатына қосудан үлкен мақсат жоқ... Бұл жолда аянып, жасқанып қалған жерім жоқ, менің бақытым – халқымның бақыты. Менің жеңісім – жұртымның жеңісі. Менің тапқаным – елімнің қазынасы. Елдің бүгіні мен ертеңі туралы ой әркез қайда жүрсем де бір сәтке де тыншу таптырмайды» («Ұлы Дала ұлағаттары» кітабынан) деген іштен шыққан ішті сөз, жан сыры ойға оралады.

Ғасыр мен ғарышты қатар игеріп келе жатқан Тәуелсіз Қазақстанның бас­ты мақсаты Елбасы сөзімен айтсақ: «2050» мемлекеттік стратегиясын жүзеге асырудан толық көрінетін болады. Осы ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруді межелеп отырмыз. Бұл – ұлт жоспары, қазақстандық арман».


Онсыз да күрделі өмір нарықтың нар көтермес жүгін артып, әртүрлі кедергі, қиыншылықтар бұрынғыдан да көбейген сын сағаттарда елдің жайын көп ойлаған Елбасы шұғыл, сындарлы шешімдер қабылдап, сыннан сүрінбей өтті. Бір ғана мысал, анабір жылы Парламентті таратып, жауапкершілікті өзі алған тұста екі жүзге жуық Жарлыққа қол қойып, елді тұйықтан алып шықты Елбасы.

Шәкәрім қажы:

Мен жетелеп өлемін,
Өрге қарай қазақты,

десе, Нұрсұлтан: «Өз еліңе пайдалы болу, өз Отаныңның тағдыры үшін жауапты болу – әрбір саясаткердің, әрбір ұлт перзентінің борышы мен парызы» дейді. («Ұлы Дала ұлағаттары» кітабынан). Сол борыш пен парызды өтеу үшін Елбасының қанша түнді ұйқысыз, қанша күнді күлкісіз өткізгені бір Аллаға ғана аян.

Мемлекет басқару – ардың ісі. Ардың жүгі нардың жүгінен де ауыр. Осы тұста Махмұт Қасымбековтің: «Елбасының иығына түсетін жауапкершілік жүгін соны күнделікті көтеріп жүрген өзі болмаса былайғы жұрт нақты шамалай бермеуіміз әбден мүмкін», деген сөзі ойға оралып тұр. Парламент қабылдаған саяси, тарихи құжат – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы Декларациясында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігі мен жасампаздығына жоғары баға берілді. Біз сол жоғары бағаны қуана құптап, Елбасыны «Тұңғыш Президент күні» мерекесімен қуана құттықтаймыз!


«Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел (қазіргі Астана қаласы) – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ, «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған, Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау», деп жазыпты Әлихан Бөкейханов «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында.

 

Төртінші толғау. Халықтың арман, тілегі

Өз пайдаңа ойлама, ел пайдасын ойла,
өз пайдаң соның ішінде.
Жүсіп Баласағұн


Қаламдас, тағдырлас аға, дос, Өзбекстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, Қазақстан Президентінің «Бейбітшілік, руханият сыйлығының иегері, 88 жастағы абыз Насыр Юлдашұлы Фазылов айтқан: «Қазақстанға келсем ертегілер елінде жүргендей боламын» деген сөзі қалам ұшына оралып тұр. Бұл – іштен шыққан ішті сөз! Қазақстан еріне – елі, еліне ері сай – тәуелсіз мемлекет. Тарих үшін қас-қағым сәт, небәрі 26 жылда ұшқыр қиял ғана жететін асулардан асып, ғасыр жүгін арқалаудың сыры неде, құпиясы қайсы? Оған аз сөзбен жауап берсек, Ер мен Елдің тарихи ұлы жеңісі – Елбасының көрегендігі мен Елдің көл-көсір еңбек жемісі дер едік. Ал оған қуат берген алтын діңгек – Бірлік! Ынтымақ!

Нұрсұлтанның мұраты – халық, содан да оның Айы жарық. Алла Тағала «ұйқы беріп, қайғы алған» Елбасына да, елімізді де маңдайынан сүйіп тұр. Сол бақытты бағалай білейік. Бақыт  бағалағанның басынан кетпейді. Әбу Әлі Ибн Сина сөзімен айтсақ: «Өз бақытын бағалай білмеген адам бақыт­сыздыққа ұшырайды». Ел бақытының бас бағбаны – Нұрсұлтан Назарбаев!


Осы тұста халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың 2011 жылы ақпан айының жетінші жұлдызында жазған аманат хаты қалам ұшына оралып тұр: «Жоқ, Сіз қартайған жоқсыз, Нұреке! Сіз менен 20 жастай кішісіз. Сіздің 85-ке, тіпті 90-ға дейін елді еркін басқаруға ақыл, парасат, күш, қуат, қайрат, қабілетіңіз, жігеріңіз жетеді. Қайталап айтамын: мен сізден осы алдағы сайлауда Президенттікке кандидат болып түсуіңізді өтінемін. Менің бұл өтінішімді осы зиялылардың бәрі, тіпті бүкіл халық қолдайды деп сенемін». Әлі еш жерде жарияланбаған әрі қысқа, әрі нұсқа сол сөз абыз аға, аңыз адамның соңында уақытша қалып тұрған біздерге айтқан аманаты тәрізді көрінеді де тұрады. Халық жазушысы осы тарихи сөзімен халықтың арман, тілегін де жеткізді. Ол тілек  Бәйкен Әшімов айтқан: «Ел тізгіні Елбасының қолында ұзақ болса екен» деген тілек. Көрнекті мемлекет қайраткері Бәйкен Әшімовтің тілегін қуаттай отырып өз сөзіммен:

Туған ерсіз халқымыздың бағына,
Құт, береке дари берсін тағыңа.
Елімізді бақытқа Өзің бастай бер,
Жеңісіңмен қуанта бер тағы да, –
деп тілекке тілек қосамын мен де.

Сіз қайырымдысыз, Нұреке! Қайы­рым­­дылықтан асқан қасиет жоқ. Қайы­рымды жүрек қартаймайды. Қарттықтың ауылы әлі алыс. Елімізді бақытқа Өзің бастай бер!

Бұл – халықтың арман тілегі!

Сәбит ДОСАНОВ,
жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, М.Шолохов атындағы халықаралық сыйлықтың иегері

АЛМАТЫ

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x