Қостанай соты заңсыз микроқаржылық қызмет және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру ісі бойынша үкім шығарды. Жергілікті тұрғын тиісті лицензиясыз мүлік кепілімен қарыз беріп келген, ал қылмыстық табыс көлемі 1 миллиард теңгеден асқан, деп хабарлайды dalanews.kz Қаржылық мониторинг агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеу ер адам клиенттерді интернеттегі хабарландырулар арқылы тартқанын анықтаған.
"Азаматтардың ауыр материалдық жағдайын және екінші деңгейлі банктерден несие ала алмайтынын пайдаланып, ол жылдық 120 пайызға дейінгі жоғары мөлшерлемемен қарыз беріп отырған. Бұл ретте нотариалды куәландырылған келісімшарттарда қарыз сомасы асыра көрсетілген, өйткені оған пайыздар, ресімдеу шығындары және өзге де төлемдер алдын ала қосылған", - деп мәлімдеді ҚМА.
Іс материалдарында жәбірленушілердің біріне қатысты мысал келтірілген. Іс жүзінде ол 9 миллион теңге алған, алайда келісімшартта 14 миллион теңге деп көрсетілген. Кейіннен тағы бір келісімшарт ресімделіп, онда 18 миллион теңгелік міндеттеме қарастырылған, бірақ әйелге ол бойынша ақша берілмеген.
Кейіннен сот жәбірленушіден 26 миллион теңге өндіріп алған.
ҚМА мәліметінше, нәтижесінде 50-ден астам азамат әдейі тиімсіз шарттармен қарыздық міндеттемелерге тартылған. Қылмыстық табыс сомасы миллиард теңгеден асты.
Сот үкімімен ер адамға 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар сот қылмыстық жолмен алынған мүлікті тәркіледі: оның ішінде төрт пәтер, екі жер учаскесі, сондай-ақ Mercedes-Benz G500, Dodge RAM 1500 және Hyundai Santa Fe автокөліктері бар.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.