Жол апатына ұшыраған экс-депутат Бақытжан Базарбек алғаш рет мәлімдеме жасады

Жол апатына ұшыраған экс-депутат Бақытжан Базарбек алғаш рет мәлімдеме жасады
коллаж: Dalanews.kz

Жол-көлік оқиғасына ұшыраған бұрынғы Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеме жасап, оқиғаға қатысты түрлі болжамдар мен алыпқашпа әңгімелерге жауап берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазір оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр. Сол себепті өзі мен жұбайы тергеу мәліметтерін жария етпеу туралы міндеттеме алғандықтан, болған жағдайдың егжей-тегжейін айта алмайды.

Бақытжан Базарбек тергеу әлі жалғасып жатқанын, алдағы уақытта қажетті сараптамалар жүргізілетінін мәлімдеді.

«Құқық қорғау органдары болған жағдайдың барлық мән-жайын жан-жақты зерттеп, заң аясында әділ шешім шығарады деп сенемін», – деді ол.

Экс-депутат қазіргі уақытта зардап шеккен азаматтың отбасы жанында болып, қолдан келген көмегін көрсетіп жатқанын айтты.

«Соңғы бірнеше күн біз үшін өте ауыр өтті. Жақындарымызбен бірге зардап шеккен азаматтың аман-есен сауығып кетуін тілеп жүрміз. Қазір ең бастысы – оның денсаулығы», – деп жазды Базарбек.

Сондай-ақ ол алғашқы медициналық көмек көрсеткен аудандық аурухана дәрігерлеріне, Денсаулық сақтау министрлігіне және өңірлік денсаулық сақтау саласының мамандарына ризашылығын білдірді.

Бақытжан Базарбек әлеуметтік желілерде оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен болжамдардың көбейгеніне назар аударып, жұртшылықты тергеу аяқталмай тұрып қорытынды жасауға асықпауға шақырды.

«Ресми ақпаратқа ғана сүйеніп, тергеу нәтижесін күткен жөн», – деді ол.

Сөз соңында бұрынғы депутат қиын сәтте қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғыс айтып, бұл жағдайдың өзі мен отбасы үшін оңай соқпағанын жеткізді.

Еске салайық, күні кеше Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына түсіп, салдарынан бір адам зардап шеккені туралы ақпарат тараған болатын. Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында, Луговое ауылының маңында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, жолдың осы бөлігінде бұған дейін өзге машина малды қағып кеткен. Жолда жануардың өлексесі қалған. Оны алып тастау үшін ер адам көлік жолына шыққан сәтте Toyota көлігі қағып кеткен. Желідегі ақпарат бойынша, көлік тізгінінде Бақытжан Базарбек болған.