Жамбыл облысында экс-депутат Бақытжан Базарбек жол апатына түсіп, салдарынан бір адам зардап шекті. Оқиға Тұрар Рысқұлов ауданы аумағында, Луговое ауылының маңында болған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, жолдың осы бөлігінде бұған дейін өзге машина малды қағып кеткен. Жолда жануардың өлексесі қалған. Оны алып тастау үшін ер адам көлік жолына шыққан сәтте Toyota көлігі қағып кеткен. Көлік тізгінінде Бақытжан Базарбек болған.
Жарақат алған ер адам ауруханаға жеткізіліп, жансақтау бөліміне жатқызылған. Қазір оның жағдайы дәрігерлердің бақылауында.
Жол апатынан кейін Базарбек медициналық куәландырудан өткен. Тексеру нәтижесінде оның ағзасынан алкоголь анықталмаған.
Жамбыл облысының полиция департаменті жол-көлік оқиғасы болғанын растады. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалған.
«Т. Рысқұлов ауданында болған жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала мәлімет бойынша, Toyota маркалы автокөліктің жүргізушісі Б. жолдың жүріс бөлігінде болған ер адамды қағып кеткен. Жол апаты салдарынан зардап шегуші аудандық орталық аурухананың жансақтау бөліміне жеткізілді. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізілуде», – деп хабарлады полиция.
Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайы тергеу барысында анықталады.