Qazaq Expert Club сарапшылары "Әділет" партиясының "Әділетті болашақ үшін" атты сайлауалды бағдарламасына баға берді. Олардың пікірінше, құжатта елдің стратегиялық даму бағыттары мен қазақстандықтардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін нақты бастамалар үйлесім тапқан, деп хабарлайды dalanews.kz.
Саясаттанушы, профессор Гүлмира Сұлтанбаева бұл бағдарламаны жай ғана сайлауалды уәделер жиынтығы емес, нақты мақсаттары мен өлшенетін көрсеткіштері айқындалған құжат деп бағалады.
"Бағдарламада адами капиталды дамыту мен әлеуметтік стандарттарды арттыруға ерекше мән берілген. Бұл оның басты басымдығы – адам екенін көрсетеді", – деді сарапшы.
Оның айтуынша, бағдарламаның маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік басқаруды цифрлық трансформациялау. Бұл тек мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен шектелмейді. Бағдарламада шешім қабылдау процесіне жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды кеңінен енгізу ұсынылған. Бұл бюрократиялық рәсімдерді қысқартып, адами фактордың ықпалын азайтуға әрі мемлекеттік органдар жұмысының ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.
Сарапшы бағдарламаның негізгі бастамаларының қатарында бес миллион қазақстандықты жасанды интеллектімен жұмыс істеуге оқыту, AI Hub құру және деректерді қорғаудың цифрлық құралдарын дамыту жоспарларын атады. Сондай-ақ ол бағдарламаның орындалуын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік беретін цифрлық мониторинг жүйесін енгізу бастамасына ерекше тоқталды. Бұл қабылданған міндеттердің орындалуы мен қол жеткізілген нәтижелерді тұрақты қадағалауға жол ашады.
Бағдарламада әлеуметтік-экономикалық даму бойынша бірқатар нақты мақсаттар да белгіленген. Атап айтқанда, халықтың орташа өмір сүру ұзақтығын 77 жасқа дейін жеткізу, әр адамға шаққанда 30 шаршы метр тұрғын үймен қамтамасыз ету, бір миллион сапалы жұмыс орнын ашу және экономикадағы орта бизнестің үлесін 20 пайызға дейін арттыру көзделген.
Qazaq Expert Club-тың тағы бір сарапшысы, су саясаты саласының маманы Қуаныш Өзбеков бағдарламаның су инфрақұрылымын дамытуға арналған бөліміне назар аударды.
Оның пікірінше, бағдарламаның басты артықшылықтарының бірі – нәтижені бағалауға мүмкіндік беретін нақты көрсеткіштердің болуы. Атап айтқанда, 2030 жылға қарай суармалы жер көлемін 2,5 миллион гектарға дейін ұлғайту, шамамен 1,4 миллион гектар алқапта су үнемдеу технологияларын енгізу, 42 жаңа су қоймасын салу, тағы 37 су қоймасын реконструкциялау және 14,5 мың шақырым суару каналын цифрлық есепке алу мен автоматтандырылған басқару жүйелерін енгізе отырып жаңғырту жоспарланған.
Сарапшының айтуынша, бүгінде суармалы инфрақұрылымның тозуына байланысты су ресурстарының едәуір бөлігі ысырап болып жатыр. Сондықтан заманауи есепке алу және басқару жүйелері суды тиімді пайдалануға әрі шығынды азайтуға мүмкіндік береді.
Ол сондай-ақ ирригация және дренаж мәселелеріне арналған жеке заң қабылдау бастамасын да оң бағалады.
"Су қауіпсіздігі мәселелері кешенді көзқарас пен ұзақ мерзімді құқықтық реттеуді талап етеді", – деді Қуаныш Өзбеков.
Жалпы, сарапшылардың пікірінше, "Әділетті болашақ үшін" сайлауалды бағдарламасы цифрландыру, экономика, әлеуметтік саясат және су инфрақұрылымын дамыту бағыттарын бір арнаға тоғыстырып, оларды іске асырудың нақты тетіктерін ұсынады.