Алдағы уақытта зейнеткерлер мен басқа да әлеуметтік осал топқа жататын азаматтарға несие берілмеуі мүмкін. Депутат Ерлан Стамбеков құзырлы органдарға жолдаған депутаттық сауалында зейнетақы мен жәрдемақыны несиелеу шарттарында кірістер көзі ретінде көрсетуді, жалпы оларды несие есебінен алып тастауды ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ерлан Стамбеков банктердің, микроқаржы ұйымдарының және коллекторлардың азаматтардың зейнетақысы мен әлеуметтік төлемдерінен қарыз ақшасын өндіріп алуына заңмен тыйым салуды ұсынды. Ол осы мәселе бойынша Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі, Әділет министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне депутаттық сауал жолдады.
Депутаттың айтуынша, елімізде шамамен 3,2 миллион азамат әлеуметтік осал топқа жатады. Олар – зейнеткерлер, мүгедектігі бар жандар, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік жәрдемақы алушылар.
"Бұл адамдар үшін зейнетақы мен жәрдемақы – күнкөрістің жалғыз көзі. Ол ақшалар қарызды қайтару үшін емес, адамның өмір сүруі үшін беріледі. Бірақ банктер мен микроқаржы ұйымдары осыны ескерместен, зейнетақыны табыс көзі ретінде көрсетіп, несие береді. Содан кейін сол зейнетақыдан қарызды тікелей өндіріп алады. Нәтижесінде адамдар кедейшілік деңгейінен төмен жағдайда өмір сүруде", – деді Ерлан Стамбеков.
Ол бүгінгі таңда банктер азаматтардың қаржылық жағдайына шынайы баға бермей, төлем қабілетін ескерместен несие бере беретінін сынға алды.
"Зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны табыс ретінде көрсету арқылы несие рәсімделуде. Тіпті жалғыз көлігі немесе жалғыз баспанасын кепілге қойып, соңғы мүлкінен айырылып жатқандар көп. Осы жағдайлар әлеуметтік мәселені одан сайын күрделендіріп отыр", – деді депутат.
Осыған байланысты Ерлан Стамбеков әлеуметтік осал топтар үшін банкроттық рәсімін жеңілдетуді ұсынды. Қазіргі 12 айлық мерзімі өтпеген жағдайда да банкроттыққа жүгіну мүмкіндігін қарастыру қажет.
"Ең бастысы – зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерді азаматтың табысы ретінде есептеуге заңмен тыйым салып, несиелік қарызды сол қаржыдан өндіріп алуды тоқтату қажет", – деп атап өтті Стамбеков.
Егер бұл ұсыныс заң жүзінде бекітілсе, банктер мен коллекторлар зейнетақы мен әлеуметтік төлемдерден қарызды автоматты түрде ұстап қала алмайды. Бұл – әлеуметтік көмек алатын немесе зейнетақымен күн көретін жандар үшін үлкен жеңілдік болмақ.