Зеленский Ресеймен бейбіт келісімге Ақ үйде қол қоюға дайын екенін айтты

Зеленский Ресеймен бейбіт келісімге Ақ үйде қол қоюға дайын екенін айтты
Владимир Зеленский. Фото: Wiktor Szymanowicz/Future Publishing via Getty Images

Украина президенті Владимир Зеленский Ресеймен бейбіт келісімге Ақ үйдің Сопақ кабинетінде немесе АҚШ президенті Дональд Трамптың Мар-а-Лагодағы резиденциясында қол қоюға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұл туралы ол америкалық журналист Лора Лумерге берген сұхбатында айтты. Әңгіме журналистің X әлеуметтік желісіндегі парақшасында жарияланған.

Сұхбат барысында Зеленскийден Мәскеумен жасалатын ықтимал бейбіт келісімге Ақ үйде қол қоюға дайын немесе дайын еместігі сұралды.

"Иә, дайынмын. Мен президент Дональд Трампқа АҚШ-қа, Сопақ кабинетке немесе Мар-а-Лагоға кез келген уақытта баруға дайын екенімді үнемі айтып келемін. Барлығы президент Трампқа байланысты", – деді Украина басшысы.

Сонымен қатар Зеленский бейбіт келісімге нақты қай жерде қол қойылатыны басты мәселе емес екенін атап өтті. Оның сөзінше, ең маңыздысы – келісімнің қашан жасалатыны.