Freedom Inside '26

Зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалануға өтініш бергендер саны 100 мыңнан асты

Зейнетақы жинағын тұрғын үйге пайдалануға өтініш бергендер саны 100 мыңнан асты
gov.kz

Қазақстанда тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға берілген өтініштер саны күрт өсті. 2025 жылдың мамыр айында орындалған өтініштер саны 119,1 мыңға жетіп, сәуірмен салыстырғанда екі есеге артқан, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бір айда 117,8 млрд теңге пайдаланылған

Мамыр айында тұрғын үй мақсаттарына жұмсалған зейнетақы қаражатының көлемі 117,8 млрд теңгені құрады. Бұл абсолютті рекорд болмаса да, соңғы кезеңдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі саналады. Сарапшылардың пікірінше, белсенділіктің артуына жеткіліктілік шектерінің жақын арада өсетіні туралы ақпарат әсер еткен.

Жаңа шектер айтарлықтай өсті

Маусым айының басында жеткіліктілік шектерінің жаңартылған мөлшері жарияланды. Жаңа әдістеме бойынша есептелген көрсеткіштер салымшының жасына қарай 79 пайыз және одан да жоғары деңгейде ұлғайған. Билік өкілдері бұл өзгерісті қазақстандықтардың болашақтағы зейнетақысын сақтау қажеттілігімен түсіндірген болатын.

Қаражаттың басым бөлігі баспана жинағына бағытталған

Мамыр айында зейнетақы жинағын пайдаланудың негізгі бағыты тұрғын үй құрылыс жинақтарын толықтыру болды. Барлық өтініштердің шамамен жартысы осы мақсатқа бағытталған. Сонымен қатар өтініштердің 21 пайызы "Отбасы банк" жүйесіндегі ипотекалық несиені ішінара өтеуге жұмсалған. Айта кетейік, мамыр айының соңында "Отбасы банк" қазақстандықтарға жеткіліктілік шектерінің өсетінін ескертіп, қолжетімді жинақтарды тұрғын үй мәселесін шешуге пайдалануға шақырған еді.

Мамыр соңғы белсенді кезең болуы мүмкін

Сарапшылар жаңа шектеулер енгізілгеннен кейін зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын алу көлемі айтарлықтай қысқаруы мүмкін деп есептейді. Осыған байланысты мамыр айы жоғары белсенділік байқалған соңғы айлардың бірі болуы ықтимал.

Бес жарым жылда 5,8 трлн теңгеден астам қаражат алынған

Жалпы алғанда, соңғы бес жарым жыл ішінде қазақстандықтар тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделу мақсаттарына Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы жинақтарының 5,8 трлн теңгеден астамын пайдаланған. Ең жоғары көрсеткіш 2021 жылы тіркеліп, сол кезде азаматтар шамамен 2,6 трлн теңге алған. Сонымен бірге 2024 жылдың екінші жартысынан бастап қайтадан белсенділік күшейген. Сарапшылар бұл үрдісті зейнетақы жинағын алу тәртібіне қатысты жаңа шектеулердің қоғамдық талқылана бастауымен байланыстырады.