Зейнетақы жинағын қалай тиімді көбейтуге болады?

Зейнетақы жинағын қалай тиімді көбейтуге болады?
gov.kz

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарын тек сақтап қана қоймай, оны инвестициялау арқылы қосымша табыс таба алады. Бұл туралы сарапшы Екатерина Сохарева айтып берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазақстандықтардың зейнетақы активтерін әдепкі бойынша Ұлттық банк басқарады. Алайда салымшылар жинақтарының бір бөлігін жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға бере алады.

Сарапшының сөзінше, азаматтар есепшоттағы қаражат көлеміне қарамастан, зейнетақы жинағының 50%-ына дейін жеке басқарушы компанияларға аударуға құқылы.

Қай компания көбірек табыс тапты?

Екатерина Сохарева соңғы бір жылдағы инвестициялық кірістілік көрсеткіштері басқарушы компанияны таңдауға әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Қазіргі көрсеткіштерге сәйкес:

– Ұлттық банк – 8,57%
– BCC Invest – 8,91%
– Halyk Finance – 10,71%
– Alatau City Invest – 12,59%
– Сентрас Секьюритиз – 17,6%

Сарапшының мәліметінше, қазіргі таңда Halyk Global Markets қызметін тоқтату кезеңінде болса, Tansar Capital нарықтағы жаңа ойыншылардың бірі саналады.

Зейнетақы жинағын басқарушы компанияға қалай аударуға болады

Сохареваның айтуынша, жинақты жеке басқарушы компанияларға аудару үшін БЖЗҚ сайтына немесе мобильді қосымшасына кіру қажет.

Одан кейін «Жинақтарды ИПБ-ға аудару немесе ҚР ҰБ-ға қайтару» қызметін таңдап, қажетті компанияны, аударылатын соманы көрсету және өтінімді растау жеткілікті.

Сарапшының айтуынша, салымшылар қаражатты бірнеше басқарушы арасында бөліп, өз инвестициялық стратегиясына сай әртараптандыру мүмкіндігіне ие.

Ол бұл тәсіл зейнетақы активтерін әртүрлі стратегиялар арқылы басқаруға мүмкіндік беретінін атап өтті.