Заңгер Айгүл Орынбек әлеуметтік желідегі “ұтыс ойындарының” қауіпті тұстарын атады

Қаракөз Амантай 26 жел. 2025 09:04

Кейінгі жылдары Instagram мен TikTok кеңістігінде “ұтыс ойындары”, “лотерея” форматындағы науқандар көбейіп келеді. Блогерлер үй, көлік, тұрмыстық техника немесе тауар сатып алғандар арасында сыйлық ойнату арқылы аудитория жинап, табыс табудың жаңа тәсілін қалыптастырып жатыр. Алайда заңгер Айгүл Орынбек Dalanews.kz редакциясына берген пікірінде мұндай әрекеттердің басым бөлігі Қазақстан заңнамасына қайшы екенін, ал қатысушылар құқықтық тұрғыда қорғалмайтынын атап өтті.

Лотерея – тек уәкілетті оператордың құқығы

Айгүл Орынбектің айтуынша, Қазақстанда лотерея өткізу арнайы құқықтық режимге жататын қызмет. Яғни, “Лотереялар және лотерея қызметі туралы” заңға сәйкес, лотереяны тек уәкілетті оператор өткізе алады. Мұндай қызмет лицензияланады және мемлекеттік бақылауда болады.

“Сәйкесінше блогерлердің, жеке тұлғалардың, коммерциялық аккаунттардың өз бетінше ұтыс ұйымдастыруына заң рұқсат бермейді. Атауы “giveaway” немесе “сыйлық ойнату” деп өзгергенімен, оның мәні заңсыз лотерея болып қала береді”, - дейді заңгер.

Оның сөзінше, әлеуметтік желілердегі “ақша жинап, кейін сыйлықты ұтысқа салу” заңсыз лотереяның айқын белгісі.

Блогерлер арасындағы мысалдар көбейіп барады

Интернет-кеңістікте мұндай форматтағы жарнама мен акциялар әлі де өршіп тұр.

Мәселен, Абдрахманова Эльмира есімді блогер үйді жиі ұтысқа қойып, жақында тікелей эфирде бальзамы мен шампуньын сатып алғандар арасында ұтыс ойнатқан. Үйдің құны 70 млн теңге деп көрсетілген.

Соған ұқсас мысалдар жетерлік. Бірі курсын сатып, ұтысқа қатыстырса, бірі киім немесе косметикасын сатып алуды талап етеді. Енді бірі дүкендер мен мейрамханаларда “20 мың теңгеден жоғары сауда жасағандар ұтысқа қатысады” деп жарнамалап жүр.

Заңгер бұл әрекеттердің барлығы лотерея белгісі бар коммерциялық операциялар екенін айтады.

Блогерлік ұтыста кепілдік жоқ

Заңды лотерея кезінде қатысушы ұтысты толық көлемде алуға құқылы, ережелер ашық болуы тиіс, даулы жағдайда азамат сотқа немесе уәкілетті органға жүгіне алады.

“Ал блогерлер ұйымдастырған ұтыстарда қатысушының ешқандай құқықтық кепілдігі жоқ. Ұтыс берілмей қалса, жауапты тұлғаны анықтау қиын. Мұндай схемалар көбіне алаяқтыққа айналады”, - дейді Айгүл Орынбек.

Оның пікірінше, азаматтар мұндай ойындарға қатыса отырып, ақшасын, сенімін, құқықтық қауіпсіздігін тәуекелге тігеді.

Жауапкершілік: әкімшілік айыппұлдан қылмыстық іске дейін

Заңсыз лотереяға әкімшілік жауапкершілік, ал кей жағдайда қылмыстық жауапкершілік қолданылады.

Айгүл Орынбек 2025 жылы тіркелген бір істі мысал ретінде келтірді.

“Жанәбіловтар отбасының ұтыс ойыны әкімшілік сотта қаралып, кейін іс Қаржы мониторингі агенттігіне қылмыстық іс ретінде жолданды. Себебі ойнатылған мүлік ірі көлемді деп танылды”, — дейді ол.

Егер халықты алдағаны дәлелденсе, табыс заңсыз жолмен алынған болса, “Алаяқтық” немесе “Заңсыз кәсіпкерлік” баптары қолданылуы мүмкін.

Заңгердің бағалауынша, бүгінгі блогерлік ұтыстардың басым бөлігі заң талаптарына сай емес. Азаматтардың құқықтарын қорғамайды және қоғам үшін қауіпті құқықбұзушылыққа жатады.

“Ұтыс деп ұсынылған әр әрекеттің артында заңдық салдар бар. Блогер де, қарапайым азамат та соны түсінуі керек”, - дейді Айгүл Орынбек.

Блогерлер арасындағы даулы оқиғалар

Жанәбіловтерге қатысты қылмыстық іс

Жанәбіловтер бұған дейін Instagram парақшасында 11 көлікті ұтысқа тігетінін жариялаған еді. Шарттары да қарапайым көрінген, жазбаны репост жасау жеткілікті болатын. Алайда 21 тамызда жұрт күткен тікелей эфирдің орнына оқырмандарға құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесі ұсынылған. Сөйтіп конкурсқа тек курсты сатып алғандар қатыса алатыны белгілі болған.

Бұл жағдай әлеуметтік желі қолданушылары арасында үлкен наразылық тудырды. Ақыры шуға айналған мәселе сотқа дейін жетті.

Жанәбіловтерге Қылмыстық кодекстің 214- бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды. Бұл бап бойынша жаза: 2000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, не осы мөлшерде түзету жұмыстары, не 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тарту, не 2 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру.

Нұртаза Нұрбектің ісі

Сонымен қатар тағы бір блогер – Нұртаза Нұрбек (Justking лақап атымен танымал) әкімшілік іс бойынша айыппұл арқалады. Ол Алматыда үй ұтысын ұйымдастырған. Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов оның ресми табысы болған-болмағаны және салық төлеген-төлемегені тексеріледі.

Әнші Абай Бегейдің қызының ісі

Сонымен қатар Абай Бегейдің қызы Гүлеркем Ниязқұлова мен күйеу баласы заңсыз онлайн-лотерея өткізу фактісі бойынша ұсталған еді. Бұл жөнінде Қаржылық мониторинг агенттігі мәлімдеді.

Агенттіктің мәліметінше, ерлі-зайыпты Instagram, TikTok және Telegram платформаларында 850 мыңнан астам жазылушысы бар парақшалар арқылы лотерея ойындарын ұйымдастырып келген. Алайда олардың тіркелген ресми лотерея операторы мәртебесі болмаған.

Соған қарамастан, олар пәтер, автокөлік және бағалы сыйлықтар ұтысқа тігілген ауқымды ойындар өткізген. Аталған лотереяға 1800-ден астам азамат қатысқан.

Тергеу деректеріне сүйенсек, заңсыз қызметтен түскен пайда көлемі 162 миллион теңгеден асқан. Кейін күдіктілердің мүліктері мен банктік есепшоттарына бұғат қойылып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқаны жеткізілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар