Жамбыл облысында көкпар кезіндегі жанжал атыспен аяқталған. Сот осы іс бойынша шешім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Биыл қаңтарда көкпар ойыны кезінде Кеңес ауылының екі тұрғыны арасында жанжал туындап, ол төбелеске ұласқан. Біраз уақыттан кейін жанжалға қатысушылардың бірі болған оқиға туралы туысына (айыпталушы М.-ға) хабарлаған. Айыпталушы үйіне барып, өз атына заңды түрде тіркелген ИЖ-81 аңшы мылтығын алып, оны резеңке оқпен зарядтап, жәбірленушіні атып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген.
М.-нің әрекеті ауыл тұрғындары арасында үрей туғызып, қоғамдық тыныштық бұзылуына әкеп соққан.
Кінә тараптардың, куәлердің айғақтарымен, сараптамалардың қорытындыларымен және істің басқа да материалдарымен дәлелденген. Жәбірленуші М.-ді кешіргенін және оған ешқандай талап қойылмағанын, тараптар татуласқанын айтқан.
Сот үкімімен М. ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды. Алайда сот ҚК-нің 63-бабын қолданды, осылайша тағайындалған жаза шартты деп танылды.
Үкім заңды күшіне енді.