Жамбыл облысында 25 жастағы жігітті атып кетті: желіде іске қатысты күмән айтылды

Жамбыл облысында 25 жастағы жігітті атып кетті: желіде іске қатысты күмән айтылды
Фото: Facebook

Жамбыл облысының Құлан ауылында 25 жастағы жігіттің оққа ұшуы қоғамда қызу талқыланып жатыр. Әлеуметтік желіде марқұмның туыстары мен ауыл тұрғындары қылмыстың әділ тергелуіне қатысты алаңдаушылық білдіруде, деп хабарлайды dalanews.kz.

Желі қолданушысы Нұрадин Рақайдың жазуынша, оқиға салдарынан Құлан ауылының тұрғыны Дүкенбай Ахмет Серікұлы қаза тапқан.

«Қақпадан шығарып, қанға бөктіріп, 25 жастағы жігітті атып кеткен. Соның салдарынан бүтін бір отбасы ойран болды. Артында жесір жары мен екі баласы қалды», – деп жазды ол.

Автордың айтуынша, марқұмның туыстары қылмысқа бірнеше адамның қатысы болуы мүмкін деп есептейді.

«Түн ортасында далаға шақырып, қақпа алдында мылтық атқан адамдар топ болып келгенін туыстары айтып отыр. Бірақ істі бір ғана күдіктімен шектеп қоюы мүмкін деген күдік бар», – дейді Нұрадин Рақай.

Сондай-ақ ол істегі кейбір жайттардың түсініксіз екенін алға тартты.

«Жедел-тергеу тобы күдіктіні Құланнан ұстадық деп жатқанда, Шу аудандық полиция бөліміне бір азамат өзі барып, "оқ атқан менмін" деп мәлімдеген. Бұл жерде нағыз қылмыскер құтылып, басқа біреу кінәні өз мойнына алып отырған жоқ па деген сұрақ туындайды», – деп жазды ол.

Желі қолданушысы қылмыстың толық әрі ашық тергелуін сұрап, барлық күдіктілердің әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс екенін айтты.

Біз бұл жағдайға қатысты Жамбыл облысының полиция департаментіне сауал жолдадық. Әзірге департамент бұл іс бойынша ресми түсініктеме берген жоқ.