Жалған ақпарат үшін Құрылтай депутатына қандай жаза беріледі?

Жалған ақпарат үшін Құрылтай депутатына қандай жаза беріледі?
Quryltai

Құрылтай депутаттарының БАҚ-қа және өз сөздерінде тек тексерілген әрі шынайы ақпарат беруі міндетті, талапты бұзған депутатқа депутаттық этика аясында жаза қолданылуы мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Құрылтай төрағасының орынбасары Дания Еспаева Құрылтайдағы брифингте депутаттардың бұқаралық ақпарат құралдарына берген мәліметтеріне де талап қойылатынын айтты.

«Депутат өз сөзінде, бұқаралық ақпарат құралдарына берген жауабында міндетті түрде тексерілген, шынайы ақпарат ұсынуы керек. Бір нәрсе орындалмай жатқанын айтып немесе қандай да бір деректі келтіріп, оның шынайы болмауы да депутаттық әдепті бұзу болып саналады», – деді Еспаева.

Оның айтуынша, мұндай және өзге де тәртіп бұзушылықтарды депутаттық әдеп жөніндегі кеңес қарайды. Кеңес депутатқа қатысты тиісті шара қолдану туралы шешім қабылдайды.

Жаңа «Құрылтай және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заңға сәйкес, депутаттық әдепті бұзғандарға бірнеше жаза түрі қарастырылған. Оның ішінде сөгіс жариялау, көпшілік алдында кешірім сұрату, Құрылтайдың бір отырысында немесе кейінгі үш отырысында сөз бермеу, отырыстан шығару және бір күндік жалақысынан айыру бар.

Еспаеваның сөзінше, депутаттық әдепті бұзу тек жалған ақпарат берумен шектелмейді. Мәселен, сөз сөйлеп жатқан адамға негізсіз ескерту жасау да әдеп талаптарын бұзу болып есептеледі.

«Егер депутаттардың сөзінде әріптестерінің немесе басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиетін қорлау сөздері айтылса, бұл, әрине, депутаттық әдепті бұзу болып саналады», – деп түсіндірді Құрылтай төрағасының орынбасары.

Сонымен қатар депутаттық әдеп талаптары депутаттарға тек жұмыс барысында немесе жұмыс топтарының отырыстары кезінде ғана емес, одан тыс уақытта да қолданылады.