Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяхудың кеңсесі ХАМАС соңғы сәтте атысты доғару және кепілге алынған адамдарды босату туралы келісімнің кейбір тармақтарынан бас тартқанын және бітімгершілік келісімнің соңында ши шыққанын хабарлады. Бұл туралы The Times of Israel басылымында айтылады, деп жазады Dalanews.kz.
"ХАМАС келісімдерді бұзып, соңғы минутта келісімге келуге кедергі келтіретін дағдарысты жағдай тудырды. Арағайын елдер ХАМАС-тың келісімнің барлық элементтерін қабылдағаны туралы Израильге хабарламайынша Израиль министрлер кабинеті [құжатты мақұлдау үшін] үстел басына жиналмайды", — деді Нетаньяху кеңсесі.
Израильдің осы мәлімдемесінен кейін, ХАМАС қол жеткізілген атысты доғару және кепілге алынған адамдарды босату туралы келісімді орындауға дайын екендіктерін тағы мәлімдеді. Бұл туралы "Әл-Джазира" ХАМАС өкілі Иззат Әл-Ришектің мәлімдемесіне сілтеме жасай отырып жазады.
Бұған дейін Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы атысты доғару және кепілге алынған адамдарды босату туралы келісімге келгені туралы хабарланған болатын. Бұл туралы 15 қаңтарда, Қатар премьер-министрінің екі жақтың өкілдерімен жеке кездесулерден кейін мәлім болды. АҚШ-тың ресми өкілі келісім жасасу фактісін растады. Осыған қарамастан, Нетаньяху соңғы келісімге әлі қол қойылмағанын және кейбір мәліметтер түсініксіз болып жатқанын айтып, қадалып тұр.