Израиль мен ХАМАС Газа секторындағы атысты доғару бойынша келісімге қол қойды

Кәмшат Тілеухан 16 қаң. 2025 14:32 258

Палестинаның ХАМАС қозғалысының делегациясы арағайын елдер арқылы Газа секторында атысты доғару және тұтқындармен алмасу туралы келісімге отыруға өз келісімдерін беретінін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мәлімдеме Al Jazeera телеарнасы арқылы жасалды.

"Қозғалыс делегациясы арағайын елдер арқылы атысты доғару және тұтқындармен алмасу туралы келісімге қозғалыстың келісімін беретінін жеткізді", делінген хабарламада.

Көп күткен жаңалықты Қатар премьер-министрі Мұхаммед Әл Тани жариялағаны да нақтыланады. Өйткені Қатар - келіссөздерге арағайындық етуші мемлекет. 

Қақтығысушы тараптардың келісімге келгенін және ХАМАС-тың кепілге алынған адамдары босатылатындығын АҚШ-тың жаңадан сайланған президенті Дональд Трамп та мәлімдеді.

"Біз Таяу Шығыста кепілге алынғандар бойынша келісімге қол жеткіздік. Жақында олар босатылады", - деп жазды Трамп Truth Social әлеуметтік желісінде.

Шетелдік БАҚ дерек көздері Газа секторында атысты доғаруға қатысты өзге мынандай мәліметтермен бөлісті:

  • Израиль әскери күштері Газа секторының аумағынан 700 метр қашықтыққа кері шегінеді.
  • Израиль 2000-ға жуық Палестина тұтқынын босатады, оның ішінде 250-і өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар да бар.
  • Палестина тарапы 33 израильдік тұтқынды босатады.
  • Израиль Газа секторындағы жаралыларға медициналық көмекке баруға рұқсат береді.
  • Израиль бірінші кезең басталғаннан кейін жеті күннен кейін Мысыр шекарасында Рафах бақылау бекетін ашады.
  • Израиль әскерлері Филадельфия дәлізі деп аталатын Газа мен Мысыр шекарасынан әскерлерін алшақтата бастайды және кейіннен сол маңнан толығымен әкетеді.

Бұған дейін аса ірі көлемде ақша жымқырды деп күдікке ілінген қайырымдылық қорының төарағасы Перизат Қайрат 2023 жылдың қараша айында  Палестина тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсету үшін де қаражат жинауды ұйымдастырғанын жазғанбыз


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар