Freedom Inside '26

«Адам болу керек»: Қытайда марапатталған қазақ дәрігердің өсиеті

«Адам болу керек»: Қытайда марапатталған қазақ дәрігердің өсиеті
Ашық дереккөз.

Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты – «1 шілде» медалін иеленген этникалық қазақ дәрігер Ұқаш Сүлеймен туған жері – Шыңжаңның Шәуешек аймағына қарасты Шағантоғай ауданына оралды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлеуметтік желілерде тараған видеода ауыл тұрғындарының танымал дәрігерді ерекше құрметпен қарсы алғаны көрінеді. Жарты ғасырға жуық уақытын халық денсаулығына арнаған ақ халатты абызды жерлестері зор қошеметпен күтіп алды.

Видеода Ұқаш Сүлеймен балаларға жүрекжарды тілегін де жеткізген.

«Балақайлар, амансыңдар ма? Мен Шағантоғай ауданынанмын. Атым – Оқас. Өздеріңе мың шақырым тырақ құрсам да, менің көңілім сендермен бірге. Мен қырық жыл өмір бойы ат мініп, сахарада жүріп халыққа қызмет еттім. Өздеріңдей 3200 сәбидің аман-есен дүниеге келуіне себепші болдым. Қандай қақаған аяз болса да, маған бөгет болмады. Өйткені “адам болу керек” деген ұғымды жаныма берік сақтадым. Сендер батырлардың ұрпағысыңдар. Кең сахарада тай-құлындай асыр салып өсіп, бақтарың ашылсын!» – дейді ол.

Еске салайық, жақында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпин Ұқаш Сүлейменге Қытай Коммунистік партиясының ең жоғары марапаты – «1 шілде» медалін табыстады. Ол бұл марапатқа ие болған алғашқы этникалық қазақ атанды.

Ұқаш Сүлеймен 1975 жылдан бері Шыңжаңдағы шалғай ауылдарда дәрігер болып еңбек етіп, атпен қатынап мыңдаған шақырым жол жүріп, 100 мыңнан астам адамға медициналық көмек көрсеткен. Сондай-ақ 3200-ден астам сәбидің дүниеге келуіне көмектескен. Осы еңбегі үшін жергілікті халық оны «Ақ халатты салт атты дәрігер» деп атайды.