Freedom Inside '26

Ресейлік блогердің азаматтығы дау тудырды

Ресейлік блогердің азаматтығы дау тудырды
Әлеуметтік желі

Ресейлік блогер Иван Червинскийдің Қазақстан азаматтығын алуына байланысты әлеуметтік желіде қызу пікірталас басталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бұған дейін Санкт-Петербургтен шыққан блогер Иван Червинский Қазақстан Республикасының азаматтығын алғанын әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған болатын. Ол видеода Ресей төлқұжатын қойып, Қазақстан төлқұжатын көрсетіп, «Сүйінші! Біз қазақпыз! Алға, Қазақстан!» деп жазған.  

Осыған байланысты қоғам белсендісі Бурахан Дақанов Facebook-тегі парақшасында блогердің азаматтық алу рәсімінің заңдылығын тексеруге шақырды.

Белсендінің айтуынша, бүгінде көптеген қандастар ықтиярхатпен бірнеше жыл бойы тұрып, Қазақстан азаматтығын ала алмай жүрген кезде, елге 2023 жылы келген шетел азаматының қысқа мерзімде азаматтық алуы қоғамда сұрақ туғызады.

«Арнайы құқық қорғау органдары осы кісіге азаматтық берілген тәртіпті тексерсін. Егер заңсыз берілгені анықталса, тиісті шешім қабылдануы керек», – деп жазды Бурахан Дақанов.

Айта кетейік, Иван Червинский бірнеше жылдан бері Қазақстан туралы контент әзірлеп келеді. Ол қазақ тілін үйреніп, еліміздің мәдениеті мен дәстүрін насихаттайтын «Алға, Қазақстан» жобасының авторы ретінде танылған. Бұған дейін блогер Қазақстан азаматтығын алуды армандайтынын бірнеше рет айтқан және 2023 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында Президенттің Алғыс хатына ие болған.  

Қазіргі уақытта Иван Червинскийге Қазақстан азаматтығын беру рәсімінің заңсыз болғаны жөнінде мемлекеттік органдар тарапынан ешқандай ресми ақпарат жарияланған жоқ. Сондықтан әлеуметтік желіде айтылған пікірлер әзірге жеке азаматтардың ұстанымы болып саналады.