Freedom Inside '26

Қытайда ұлттық бірлік туралы жаңа заң күшіне енді

Қытайда ұлттық бірлік туралы жаңа заң күшіне енді
Ашық дереккөз.

Қытайда елдегі 56 этностың бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған жаңа заң күшіне енді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қытай билігінің мәліметінше, құжат биыл көктемде өткен Жалпықытайлық халық өкілдері жиналысының екі сессиясында қабылданған. Заң этносаралық қатынастарды құқықтық тұрғыдан реттеуге, барлық этностардың ортақ ұлттық бірегейлігін нығайтуға және этникалық азшылықтар тұратын өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын қолдауға бағытталған.

Құжатта инфрақұрылымды дамыту, өнеркәсіптік өсімді ынталандыру және өңірлердің экономикалық әлеуетін арттыру бойынша мемлекеттік қолдау шаралары қарастырылған.

Сонымен қатар Қытай АҚШ пен Еуроодақтың жаңа заңға қатысты сынын қабылдамайтынын мәлімдеді. ҚХР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Го Цзякунь Бейжіңнің ұлттық саясатқа қатысты ішкі істеріне араласпауға шақырды.

«Қытай – көпұлтты біртұтас мемлекет. Елдегі барлық этностар теңдік, бірлік, өзара көмек және келісім қағидаттарына сүйене отырып өмір сүреді. Ұлттық бірлікке қатысты құқықтық базаны күшейту барлық этностардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғауға ықпал етеді», – деді ол.

Оның айтуынша, Қытай үкіметі ұлттық азшылықтардың мәдениетін сақтауға ерекше көңіл бөліп, олардың тілін қолдану мен дамыту құқықтарын заң аясында қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар ресми Бейжің кейбір мемлекеттерді Қытайдың ұлттық саясатына қатысты жалған ақпарат таратып, ішкі істерге араласты деп айыптады.

Ал Anadolu агенттігі Қытай билігінің мәлімдемесіне сүйене отырып, жаңа заң халықаралық тәжірибеге сай әзірленгенін және қоғамдық келісімді, ұлттық бірлікті әрі әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға бағытталғанын жазды.

Қытайдың Әділет министрі Ху Вэйдің айтуынша, заң этносаралық араздық пен сепаратизмді қоздыруға бағытталған әрекеттер үшін жауапкершілік қарастырады. Сонымен бірге оның қолданылуы халықаралық байланыстарға, ғылыми ынтымақтастыққа, мәдени алмасуларға немесе сауда-экономикалық қатынастарға әсер етпейтіні атап өтілген.

Al Jazeera басылымы да жаңа заңның негізгі мақсаты мемлекеттік бірегейлікті нығайту, этносаралық өзара іс-қимылды дамыту және ұлттық саясат саласындағы мемлекеттік әрі қоғамдық институттардың жұмысын үйлестіру екенін жазды.

Ал Өзбекстанның ұлттық Uza агенттігі қазіргі геосаяси жағдайда ішкі тұрақтылық пен ұлтаралық келісім әрбір мемлекет үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті.

Осылайша, жаңа заң Қытайдың этносаралық саясаттағы ұстанымын заңнамалық деңгейде бекітіп, ұлттық бірлік пен әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік стратегияның маңызды бөлігіне айналды.