Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев АҚШ президенті Дональд Трампқа құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысы оны Америка Құрама Штаттарының тәуелсіздігіне 250 жыл толуымен құттықтады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ақорда мәліметінше, Қасым-Жомарт Тоқаев бұл күннің АҚШ халқы үшін тарихи маңызы ерекше екенін атап өткен. Президент Америка халқының еркіндік, теңдік және әділдік қағидаттарын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қазақ-америка қатынастарының дамуына Дональд Трамптың қосқан үлесін атап өтті. Тоқаев Қазақстанның АҚШ-пен кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екенін растады.
"Қасым-Жомарт Тоқаев Дональд Трамптың жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал достас АҚШ халқына бақ-береке тіледі", – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, 4 шілде – АҚШ-тың Тәуелсіздік күні. Осыдан 250 жыл бұрын, 1776 жылғы 4 шілдеде Құрама Штаттар Тәуелсіздік декларациясын қабылдап, Ұлыбританиядан бөлініп шыққан.