Иран соққыларынан БАӘ-де 3 шетелдік қаза тауып, 58 адам жараланды

Қаракөз Амантай 02 нау. 2026 10:14

Иранның әуеден жасаған соққылары салдарынан Біріккен Араб Әмірліктерінде кемінде үш адам қаза тауып, тағы 58 адам жарақат алды. Бұл туралы БАӘ-нің Қорғаныс министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, қаза тапқандар - Пәкістан, Непал және Бангладеш азаматтары. Ал жараланған 58 адамның қатарында жергілікті тұрғындармен бірге шетелдіктер де бар.

Ресми дерек бойынша, шабуыл басталғалы БАӘ бағытына қарай 165 баллистикалық зымыран ұшырылған. Соның 152-сі әуе қорғанысы күштерімен жойылып, 13-і теңізге құлаған.

Сондай-ақ бақылауға алынған 541 ұшқышсыз ұшу аппаратының (дронның) 506-сы қағып түсірілген. Қалған 35 дрон ел аумағына құлап, материалдық шығын келтірген.

Министрлік БАӘ қарулы күштері кез келген қауіп-қатерге тойтарыс беруге толық дайын екенін мәлімдеп, азаматтар, резиденттер мен туристердің қауіпсіздігі — басты басымдық екенін атап өтті.

Еске сала кетейік, сенбі күні АҚШ пен Израиль Иранға жаппай соққы жасаған еді. Бұған жауап ретінде Иран Таяу Шығыс өңіріндегі израильдік және америкалық нысандарға шабуыл жасады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove