Иран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелердің кедергісіз жүруі үшін бұғаздың Оманға тиесілі бөлігін пайдалануға рұқсат беруі мүмкін. Бұл туралы Reuters агенттігі мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Агенттік мәліметінше, Тегеран бұл ұсынысты Вашингтонмен жүргізілген келіссөздер барысында жеткізген. Егер тараптар қақтығыстың қайта тұтануына жол бермеу жөнінде ортақ келісімге келсе, Иран Оман арқылы өтетін кемелердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, оларға шабуыл жасалмайтынына кепіл болуға дайын екенін білдірген.
Қандай жайттар әзірге белгісіз?
Алайда бұл бастама қабылданған жағдайда барлық кемеге, соның ішінде Израильмен байланысы бар кемелерге де рұқсат беріле ме, жоқ па – әзірге белгісіз. Сондай-ақ Иранның осы аймақта орнатуы мүмкін теңіз миналарын залалсыздандыру мәселесі де нақтыланбаған.
Ақ үй мен Иран Сыртқы істер министрлігі Reuters сауалына әзірге пікір білдірмеген. Батыс елдерінің қауіпсіздік құрылымдарындағы дереккөздің айтуынша, бұл ұсыныс расында қарастырылып жатыр, бірақ Вашингтонның нақты ұстанымы әлі беймәлім.
Маңызы қандай?
Reuters мәліметінше, бұл ұсыныс Иранның кейінгі апталарда ұстанып келген қатаң саясатынан алғашқы маңызды шегініс болуы мүмкін. Өйткені бұған дейін Тегеран Ормуз бұғазы арқылы өтетін кемелерден арнайы төлем алуды көздеп, стратегиялық бағытты толық бақылауға алуға ниет білдірген. Ал халықаралық кеме қатынасы саласының мамандары мұндай талаптарды теңіз құқығының халықаралық нормаларына қайшы келеді деп бағалаған.
Айта кетейік, әлемдік мұнай тасымалының шамамен 20 пайызы өтетін стратегиялық Ормуз бұғазы ақпан айының соңында АҚШ пен Израильдің Иранға қарсы әскери операцияларынан кейін іс жүзінде жабылған болатын. Халықаралық энергетикалық агенттік бұл жағдайды әлемдік энергия жеткізілімдері тарихындағы ең ірі іркілістердің бірі деп атаған.
Сәуір айының ортасында АҚШ пен Иран арасындағы тікелей келіссөздер нәтиже бермегеннен кейін Вашингтон 13 сәуірден бастап Иран порттарына қатынайтын кемелердің Ормуз арқылы өтуіне де шектеу енгізді. Соған қарамастан Bloomberg мәліметінше, 16 сәуір күні АҚШ санкциясындағы әрі Иранмен байланысты кемінде екі кеме бұғаздан өтіп, Парсы шығанағына кірген.
Мұнай бағасы қалай өзгерді?
Осы геосаяси шиеленіс аясында АҚШ-тың мұнай экспорты рекордтық деңгейге жетті. Financial Times жазуынша, сәуірдің алғашқы аптасында АҚШ тәулігіне 5,2 миллион баррель мұнай экспорттаған. Бұл алдыңғы аптамен салыстырғанда бір миллион баррельге артық. Сонымен қатар мұнай өнімдерінің экспорты 7,5 миллион баррельге жеткен.
Ал әлемдік нарықта Brent маркалы мұнайдың маусымдық фьючерстері 16 сәуірде 96,31 долларға саудаланып жатыр. Бұл – алдыңғы көрсеткіштен 1,42 пайызға жоғары. Ал америкалық WTI маркалы мұнай бағасы 92,52 долларға дейін көтерілді. Таяу Шығыстағы қақтығыс басталғаннан бері Brent бағасы бір кезеңде 120 доллардан асып кеткен еді.
