Иранның рухани көшбасшысы Аятолла Әли Хаменеи Израильдің Ислам республикасына жасаған әуе шабуылын қатты сынға алып, жауаптың қатаң болатынын ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Иран ақпарат құралдары хабарлады.
"Израиль Иранға қарсы ауыр қылмыс жасап, өзінің шынайы бет-бейнесін көрсетті. Бұл әрекеті үшін Израиль аса қатал жазаланады. Осы шабуыл арқылы сионистік режим өзінің тағдырын айқындап берді. Енді олар ащы салдарға дайындала берсін, – деді Хаменеи.
13 маусымға қараған түні Израиль әскери-әуе күштері Иран аумағына "алдын ала соққы" берді. Осыдан кейін Израиль өз әуе кеңістігін жауып тастаған болатын. Израиль қорғаныс күштерінің (ЦАХАЛ) ресми мәлімдемесінде соққылар Иранның ядролық бағдарламасына қатысы бар ондаған нысандар мен өзге де әскери объектілерге жасалғаны айтылады.
13 маусым күні таңертең ЦАХАЛ өткен түні Иран аумағында жүзден аса нысанға соққы жасалғанын, операцияға 200 әскери ұшақ қатысқанын мәлімдеді.
Иранның әскери басшылары мен ғалымдары қаза тапты. Шетелдік БАҚ-та тараған мәліметтерге сүйенсек, шабуыл салдарынан Иран Қарулы күштері Бас штабының басшысы Мохаммад Багери, Ислам революциясын қорғау корпусының (КСИР) қолбасшысы Хоссейн Салами және ядролық бағдарлама бойынша белгілі ғалымдар – Ферейдун Аббаси-Давани мен Мохаммад Мехди Техранчи қаза тапқан. Сонымен бірге аятолла Хаменеидің кеңесшісі Әли Шамхани ауыр жарақат алып, ауруханаға жеткізілген.
Әли Хаменеи 13 маусымдағы мәлімдемесінде осы тұлғалардың қаза тапқанын растап, оларды "шейіттер" деп атады.
Таңертеңгі ақпарат бойынша, Иран Бас штабының уақытша басшысы болып Хабиболла Сайяри тағайындалды. Ал КСИР қолбасшысы генерал Ахмад Вахиди болды.
КСИР басшылығы Саламидің өлімі үшін Израильден кек алатынын мәлімдеді. Иран қарулы күштері Бас штабының өкілі Аболфазыл Шекарчи Израиль тарапының ауыр жауапқа дайындалуы керек екенін ескертті.
Өз кезегінде Израиль Қарулы күштері Бас штабының басшысы Эяль Замир ел тұрғындарына үндеу жасап, Иран тарапынан қарымта шабуыл жасалуы мүмкін екенін ескертті.
"Иран режимі бізге қарсы соққы беруге тырысады, соның салдарынан болатын шығындар бұған дейінгілерден де өзгеше болуы ықтимал", – деді Замир.
Бұған дейін сайтымызда "Израильдің Иранға соққысы: Brent мұнайы қымбаттап, ғаламдық нарыққа қауіп төнді" деген мақала жарияланған болатын.