Жаңа Конституцияда енгізілген вице-президент институтына қатысты негізгі талаптар белгілі болды. Конституцияға сәйкес, Президент алғашқы сайланған Құрылтайдың бірінші сессиясы ашылған күннен бастап екі ай ішінде Құрылтайдың келісімімен вице-президентті тағайындауға міндетті, деп хабарлайды dalanews.kz.
Debate Orda telegram арнасының мәліметінше, бұл мәселе кейінге қалдырылмайды.
"Егер Құрылтай өз жұмысын қыркүйекте бастаса, қазан айының аяғына дейін Қазақстанда вице-президент болады", – делінген жазбада.
Жаңа Конституцияға сәйкес, вице-президент лауазымына Қазақстан Республикасының азаматы, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, кейінгі 15 жыл бойы Қазақстанда тұрақты тұрған және жоғары білімі бар азамат тағайындала алады.
Сонымен қатар дереккөз авторларының атап өтуінше, Президенттікке үміткерге қойылатын талаптармен салыстырғанда бір ерекшелік бар.
"Президенттікке кандидатқа қойылатын талаптардан ерекшелігі - Вице-президентке мемлекеттік қызмет өтілі міндетті талап ретінде белгіленбеген", - деп жазылған.
Құжатқа сәйкес, вице-президент депутат бола алмайды, басқа ақы төленетін қызмет атқармайды, кәсіпкерлікпен айналыспайды және саяси партия мүшесі бола алмайды. Бұл талаптар оның саяси бейтараптығы мен мемлекеттік қызметтің тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.
Сондай-ақ жаңа Конституцияға сәйкес, Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда мемлекет басшысының өкілеттігі ең алдымен вице-президентке өтеді.
"Сондықтан бұл лауазым формалды емес, елдегі конституциялық тұрақтылық пен билік сабақтастығын қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттік институттардың біріне айналады", – деп түйіндейді дереккөз.