2027 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағындағы инфляция айырмасы өтелмейді

2027 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинағындағы инфляция айырмасы өтелмейді
gov.kz

Қазақстанда 2027 жылдан бастап зейнетке шығатын салымшыларға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) инфляция айырмасы үшін берілетін біржолғы өтемақы төленбейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Ведомство мәліметінше, бұл шешім зейнетақы жүйесін жаңғырту аясында қабылданған. Министрлік жаңа тәсіл жүйені икемдірек етіп, ұзақ мерзімді инвестициялық табысқа көбірек бағыттайтынын атап өтті.

Сонымен қатар, мемлекет міндетті зейнетақы жарналары мен міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының нақты аударылған сомасы сақталуына кепілдік беруді жалғастырады. Бұл кепілдік Әлеуметтік кодексте бекітілген.

Сондай-ақ, 2026 жылғы қыркүйектен бастап салымшылар зейнетақы жинағының 100 пайызына дейін жеке инвестициялық портфельді басқарушы компаниялардың сенімгерлік басқаруына бере алады. Бұған дейін бұл көрсеткіш 50 пайыздан аспайтын.

Министрліктің мәліметінше, жеке басқарушы компания таңдалған жағдайда инвестициядан теріс айырма туындаса, ол компанияның өз қаражаты есебінен өтеледі. Ал тәуекелге барғысы келмейтіндер үшін негізгі басқарушы ретінде Ұлттық банк қала береді.