Иран мен АҚШ келіссөзі: Вэнс Пәкістаннан басы салбырап қайтты

Dalanews 12 сәу. 2026 10:27

Пәкістанда өткен АҚШ пен Иран арасындағы жоғары деңгейдегі келіссөздер нақты нәтижесіз аяқталды, деп хабарлайды Dalanews.kz

АҚШ вице-президенті Джей Ди Вэнс 21 сағатқа созылған ауыр пікірталастардан кейін Исламабадтан ешқандай келісімге қол қоймастан қайтып кетті. Оның мәлімдеуінше, Тегеран ядролық қарудан бас тарту жөніндегі нақты міндеттемелерді қабылдаудан үзілді-кесілді бас тартқан. Ал бұл талап Дональд Трамп әкімшілігі кезінде кез келген келісімнің негізгі шарты ретінде бекітілген еді.

Ирандық ақпарат құралдары да келіссөздердің тоқырауға ұшырағанын растады. Tasnim агенттігі АҚШ-ты «келісім шеңберінен шығатын шамадан тыс талаптар қойды» деп айыптаса, Press TV тарапы негізгі қайшылықтар Ормуз бұғазындағы кеме қатынасының мәртебесі мен Иранның ядролық бағдарламасын дамыту құқығына байланысты болғанын хабарлады.

Осылайша, тараптар ортақ мәмілеге келе алмады. Вэнстің Вашингтонға нәтижесіз оралуы алдағы дипломатиялық үдерістің болашағын бұлыңғыр күйде қалдырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove