Инулин диабеттен сақтайды

Dalanews 03 нау. 2016 09:48 1269

Соңғы жылдары тамақ өнеркәсібі ғылыми-техникалық саламен қатарласып дамып келеді. Бүгінгі қым-қуыт заманда көпшілігіміз  жол-жөнекей, асығыс тамақтанып, жұмысқа жүгіретініміз белгілі. Асханаларда дайындалған тамақтың сапасына мән беріп жатпаймыз. Ал дамыған елде адам организміне қажетті дәуірмендерді беретін профилактикалық азық-түлік өнімдерінің пайда болғанын біреуіміз білсек, енді біріміз білмеуіміз мүмкін. Адам денсаулығына пайдалы, құнарлы азық-түлік өнімдерін дайындауда қазақ ғалымдары да қарап қалып жатқан жоқ. Қазіргі таңда бұл бағытта Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкерлері жан-жақты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп келеді. Таяуда аталған институттың «Биотехнология, тамақ сапасы және қауіпсіздігі» зертханасының жетекшісі, биология ғылымдарының докторы Мәсімжан Велямовқа жолыққанымызда, білікті маман, майталман ғалым азық-түлік қауіпсіздігінің мәні және сусамыр ауруына шалдыққан адамдарға қажетті жаңа экстрат ойлап тапқанын әңгімелеп берді.


 topinambur (1)– Мәсімжан мырза, жер шарында дам саны артқан сайын азық-түлік тапшылығы туындап отырғанын білеміз. Бұдан басқа сапалы азық-түлік өндірісін қалыптастырудың да маңызды жұмыстары қолға алынуда. Қазақстандағы бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарына көңіліңіз тола ма?


– «Ауру – астан» деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой. Қазіргі таңда жұрттың бәрі дұрыс тамақтанып жүр деп кесіп айту қиын. Зерттеу жұмыстарымен Еуропаға барғанымда ондаға ірі компаниялар жаңадан жұмысқа қабылданатын адамның қандай азық-түлік тұтынатынына баса мән беретінін көріп, таңғалдым. Олар жұмыс іздеп жүрген адамға күнделікті өмірде қандай биологиялық қоспаларды қолданатыны жайында ашық сұрайды екен. Егер биологиялық қоспалар тұтынбасаңыз, сіз он жерден білімді болсаңыз да жұмысқа қабылданбайсыз. Өйткені, олар қазіргідей экологиялық ахуалы ушыққан заманда биологиялық қоспаларды тұтынбайтын адамдар түрлі ауруларға жиі шалдығып, компания жұмысына кедергі келтіретінін жақсы біледі. Сондықтан дамыған Батыс елдерінің тұрғындары күнделікті өмірлерінде биологиялық қоспаларды тұтынып, дұрыс тамақтануға баса мән береді. Ал бізде мұндай жағдай әлі қалыптасқан жоқ.


Қазіргі таңда Қазақстанда сапалы тамақ өнеркәсібін құру бағытында көптеген ғылыми-зерттеу жұмыстары қолға алынуда. Елімізде сапалы азық-түлік өндірісін қалыптастыруға негіз болатын оразан зор шикізат қоры бар. Біздер бұл бағытта жұмыс істеуіміз керек. Өз басым аграрлық саланы елімізді алға бастайтын стратегиялық салалардың бірі деп есептеймін. Өйткені кең-байтақ қазақ жерінде түрлі дәнді-дақылдар мен көкөністерді өсіруге болады. Ал оларды терең өңдесек, сапалы азық-түліктің мол қорына ие болатынымыз бек мүмкін.


– Сіздің қызылша мен сәбізден пектин шырынын алып, оны өндірістік деңгейде өндіруге талпынып жүргеніңізді білеміз. Таяуда қант диабетіне шалдыққан адамдар үшін құрамында инулин экстракты бар жаңа профилактикалық азық түрін ойлап тапқаныңызды естідік. Жаңа ғылыми-зерттеу жұмысыңыздың маңызы жайында әңгімелесеңіз?     


– Инулин экстрактын алу жолында біраз еңбектендік. Қазіргі таңда Қазақстанда 16 миллионнан астам халық бар десек, соның 2 миллионға жуығы қант диабетінің түрлі деңгейінен жапа шегіп отырғаны жасырын емес. Олардың күнделікті қажетті дәрісін мемлекет өзі сатып алып беруде. Егер Үкіметіміз сусамыр ауруына шалдыққандарға мұндай қамқорлық жасамағанда, жүздеген мың адам үлкен қиындықпен бетпе-бет келер еді. Диабетке шалдыққан ауруларға қажетті инсулиннің нарықтағы бағасына назар аударсаңыз, оны кез келген науқастың сатып алуына мүмкіндігі жоқ екенін байқайсың.


Қант диабеті ауруы елімізде кең тараған ауру болғандықтан біздер осы дертті ауыздықтап, алдын алудың жолын көп іздендік. Ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде инулин экстрактысы сусамырдың ауыздықтайтынына көз жеткіздік. Ал инулин, негізінен көпшілікке белгісіз топинамбур деген өсімдік түйнегінің құрамында көп кездеседі.


– Сөзіңіз аузыңызда, сонда бұл өсімдік Қазақстанда өсе ме?


– Өседі. Кеңес өкіметі кезінде инулин алу мақсатында  топинамбурды көптеп өсірген. Бүгінде қант диабетіне шалдыққан біраз адамдар саяжайларында топинамбурды өсіріп, тұтынады. Біздер ғылыми-зерттеу барысында топинамбурдың қазақ жеріне бейімделген бірнеше түрін де анықтадық. Топинамбур – картоп тұқымдастарына жататын өсімдік. Оның түбірінен сусамыр ауруының алдын алатын инулин эстрактын алуға болады.


– Мәсімжан мырза, топинамбурдан инулинді бөліп алғаннан кейін оны жұрт қалай тұтынады?


– Осы ретте айта кетуіміз керек, инулин – таза табиғи өнім. Сондықтан оны қандайда бір тамақ өнеркәсібінде қолданылатын химиялық концентраттармен салыстыруға болмайды. Топинамбурдан бөліп алған инулинді айран мен йогурттарға, шырындарға белгілі мөлшерде қосуға болады. Инулин қосылған йогурттар мен шырындарды тек қана азық-түлік деп қарастыруға болмайды. Бұдан кейін оны профилактикалық азық-түліктердің қатарына жатқызамыз.


– Инулин қосылған сүт өнімдері мен шырындарды жалпы көпшіліктің тұтынуына болады ма?


– Әрине. Еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін құрамында инулин бар азық-түлікті тұтынып, өздерінің денсаулығын жақсарта алады. Бүгінгі тілмен айтсақ, инулин табиғи-биологиялық қоспа деп атасақ болады.


– Инулин диабетиктер күн сайын пайдаланатын инсулиннің орнын алмастыра ала ма?


– Жоқ. Инулин ешқашан инсулиннің орнын алмастыра алмайды. Біздің ойлап тапқан өніміміз аурудың алдын алуға жәрдемдесетінін ұмытпауымыз керек.  Қант диабеті ауруының жоғары деңгейіне шалдыққан адамдарға инсулин ауадай қажет. Ал аталған аурудың төменгі деңгейімен ауыратын науқастар инулин қосылған азық-түлік өнімдерін профилактикалық мақсатта пайдалануына болады. Айталық, қанында қант құрамы 4-5 мөлшерде болатын адамдардың ауруы асқынғанда қанттың құрамы 7-8 дейін жоғарылап кететіні белгілі. Осындай адамдар инулин қосылған азық-түліктерді пайдаланып, қандағы қанттың мөлшерін қалыпты деңгейде ұстауына болады. Адам организміне қант ауадай қажет. Егер оны көп мөлшерде тұтынсаңыз, сусамырға шалдығуыңыз мүмкін. Қант диабетінен сақтанғысы келетін адамдар құрамында инулины бары профилактикалық азық-түліктерді пайдалануына болады.


– Ғылыми-зерттеу жұмысыңыздың әлеуметтік маңызы зор екенін байқадық. Жалпы, бұл жобаға қызығушылық танытқан кәсіпорындар болды ма?


– Біздер бұл бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарын енді ғана аяқтап, оны өндірістік деңгейге шығару үшін бизнес жоспар дайындаудамыз. Болашақта еліміздегі кәсіпорындармен тізе қосып жұмыс істейтіне сенімім мол. Өйткені бұл ғылыми-зерттеу жұмысын өндіріске енгізуі үшін шырын мен сүт өнімдерін өндіретін кәсіпорындар өндірістік жүйесін қайта құрып, әуреге түспейді. Үлкен резуарлардағы сүт пен шырынның көлемін анықтап, оған 10-15 пайыз инулин экстрактын қосса, олардың өнімдері профилактикалық азық-түлік деген атауға ие болады. Инулинді йогурт пен шырынға қосу үшін басы артық шығынның қажеті жоқ.


– Өнімнің бағасына әсер етпей ме?


– Біздер бұл жағында есептедік. Йогурт пен шырынға инулин экстрактын қосқанда олардың құны бар болған 10-15 теңгеге артатынын байқадық.


Нұрлан Жұмақанов,


«Ұлттық ғылыми-техникалық ақпарат орталығы» АҚ  Қоғаммен байланыс бөлімі  жетекшісі


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар