Интерпол Қазақстанның шегінен тысқары шығарылған заңсыз иемденілген активтерді іздеу, тыйым салу, тәркілеу және қайтаруға көмектесетін болады. Францияның Лион қаласындағы бас штабта ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті мен ИНТЕРПОЛдың қазақстандық бюросы арасында осындай мақсатты көздейтін келісімге қол қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
ҚР Бас прокуратурасы баспасөз қызметінің мәліметінше, сапар аясында Жаһандық ақпараттық-ағартушылық қызмет және өңірлік қолдау басқармасының басшысы Абдулазиз Обайдалла мырзамен, сондай-ақ Қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының (IFCACC) басшысы Теос Бадеге мырзамен екі жақты кездесулер өтті.
ИНТЕРПОЛ өкілдерімен өзекті мәселелер талқыланып, активтерді қайтару саласында тәжірибе алмасу үшін оқу іс-шаралары мен іссапарлық миссияларды ұйымдастыру, қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасаудағы күш-жігерді нығайтуға бағытталған шаралар жоспарланды.
ИНТЕРПОЛ Бас Хатшылығының қызметкерлері жаңа "Күміс хабарламамен", сондай-ақ Қаржылық қылмыстарға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес орталығының (IFCACC), криминалдық талдау бөлімшесінің және командалық-үйлестіру орталығының цифрлық және жедел мүмкіндіктерімен таныстырды.
Тараптар ИНТЕРПОЛ-дың әлеуетін Қазақстанның шегінен тысқары шығарылған заңсыз иемденілген активтерді іздеу, тыйым салу, тәркілеу және қайтару үшін пайдалану туралы келісімге келді.
Комитет төрағасы Нұрдәулет Сүйіндіков ИНТЕРПОЛ Бас Хатшылығының өкілдеріне шақыру үшін алғыс білдіріп, 196 мемлекетті біріктіретін әлемдегі ең ірі құқық қорғау ұйымымен ынтымақтастық Қазақстанның активтерді іздеу және қайтару мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал ететінін атап өтті.
2023 жылы Қазақстанда заңсыз иеленген ктивтерді қайтару туралы заң қабылданды. Бұл заң жауапты мемлекеттік лауазымдарды атқаратын немесе бұған дейін басшылық қызметте болған тұлғаларға, сондай-ақ олармен үлестес тұлғаларға қатысты қолданылады. Заң нормалары жалпы сомасы 13 млн АЕК-тен (51 млрд теңге) астам активтері болған жағдайда ғана оларға қатысты қолданылатыны да нақтыланады.
Қаңтар айында президент Қасым-Жомарт Тоқаев "Ана тілі" газетіне берген сұқбатында Қазақстанға елден заңсыз шығарылған 2 трлн теңгеден астам актив қайтарылғанын айтты. Бұл қаражат мектептер, инфрақұрылымдық маңызды нысандар салуға және басқа да әлеуметтік міндеттерді іске асыруға жұмсалады.
Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау жөніндегі тапсырмасы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың пәрменді құралына айналды.
Үкімет баспасөз қызметінің хабарлауынша,Мемлекет басшысының заңсыз иемденілген активтерді қайтарудан түскен қаражатты әлеуметтік міндеттерді шешуге бағыттау жөніндегі тапсырмасы әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғыртудың пәрменді құралына айналды. Арнаулы мемлекеттік қордан білім беру, денсаулық сақтау, спорт, әлеуметтік қамсыздандыру салаларында 280-ге жуық жобаны жүзеге асыруға, сондай-ақ инженерлік желілер мен су шаруашылығы нысандарын жаңғыртуға 194 миллиард теңгеден астам қаражат аударылды.