[caption id="attachment_8465" align="alignright" width="179"] Эдуард Полетаев[/caption]
Жиынның шымылдығын түрген саясаттанушы Эдуард Полетаев өз сөзінде, мамандар Еуразия экономикалық одағын сөз еткенде оның экономикалық аспектілеріне үстірт тоқталатынын, былайша айтқанда бірлестіктің қарапайым халыққа қандай пайда берерін нақтылап жеткізбейтінін тілге тиек етті. Оның сөзінше, одақ туралы айтқанда ең алдымен адам факторына, одаққа біріккен елдердің қаржылық жағдайы мен тұрмысын түзелерін дәлелдеп көрсету қажет. Яғни, одақтың үш елге игілік әкеледі деген болжамдары болашаққа негізделгеннен бұрын, бүгіннен, ертеңнен бастап орындалуын ойластыру қажет.
Ал экономист сарапшы Владислав Юрицынның сөзіне қарағанда, бұл үшін бірінші кезекте үш елдегі орташа жалақыны, жұмыс орындарын көбейтіп, өндіріс қуатын, бизнестегі бәсекелестікті арттыру қажет. «Ал аталған мақсаттарға қол жеткізгіміз келсе, экономикалық тараптағы кедергілерді жойған жөн. Олар әлі де бар» деді ол өз сөзінде.
Өз кезегінде саясаттанушы Антон Морозов бұған қатысты пікір білдірген азаматтардың ойына көңіл толмастық білдірді. «Меніңше мұның барлығы айтылып та, жазылып та жатыр. Сондықтан жұртқа жаңалық бола қоймас. Одаққа біріккелі отырған қазақстандықтарды қазір не алаңдатып отыр? Әрине, баға. Одақ аясындағы елдердің нарығындағы баға әртүрлі. Халық: «ертеңгі күні одақ іс жүзінде іске қосылғанда баға шарықтап, Ресейдегі деңгейге жете ме?» деп қауіптенеді» деді Морозов өз сөзінде.
Саясаттанушы Айгүл Омарының айтуына қарағанда, осы одақтың экономикалық сипатын нақты ашып көрсететін мамандар әлі де аз. «Яғни, осы тақырыпты білетін. Халыққа одақтың пайдасын мен зиянының аражігін ашып көрсететін және ең бастысы бұған саясатты араластырмайтын адамдар қажет. Өкінішке орай, осы одақ жұмысымен айналысу жүктелген біздің кейбір шенеуніктеріміз журналистермен, жұртпен сөйлесе білмейді» деді ол.
Алайда «Алмагест» консалтингілік компаниясының директоры Айданхан Құсайынов мұнымен келіскен жоқ. Оның пікірінше, Еуразия экономикалық одағының игілігін көруге халықтың өзі талпынуы керек. Өз сөзінде ол: «Мен бұл тарапта қауымның өзі екіге бөлер едім. Бұлардың алғашқысы үйінен ұзап шықпайды. Ал екінші бір топ ізденімпаз. Олар Ресей мен Беларусьтен жұмыс іздейді. Олар мұндай интеграция аясында одақтас елдердің нарығына кіруге, өндіріс орындарына орналасуға болатынын түсінген азаматтар» деді.
[caption id="attachment_8466" align="alignleft" width="225"] Сергей Домнин[/caption]
Ал жиын соңын түйіндеген «Эксперт Қазақстан» журналының экономист сарапшысы Сергей Домнин интеграция мүмкіндікке жол ашарын мойындағанымен, одақ нақты іске кіріскеннен кейін қазақстандық бизнеске қатты ауыр соғарын айтты. Оның пікірінше, ресейлік шағын және орта, ірі бизнес өкілдері қазақстандық нарықты әлі толық танымай жатыр. Алайда ресейлік кәсіпкерлер үлкен нарықта жұмыс істеп үйренгеннен кейін, ертеңгі күні көрші Қазақстанның нарығын жаулап алуы, былайша айтқанда «демпинг» тәсілі арқылы тұтынушыларды өзіне қаратып алуы ғажап емес. «Сол кезде біздің кәсіпкерлер қайтпек? Сондықтан бизнес қазірден белін буып, ауыр бәсекелестікке, тұтынушылар үшін күреске әзір болғаны жөн» деді Домнин.