Ақмола облысында қазақ күресінен өткен жарыста ауыр жарақат алған 15 жастағы спортшы Перуаш Қарымұлы қайтыс болды, деп хабарлайды Dalanews.kz HALYQSTAN-ға сілтеме жасап.
Жас палуанның сүйегі туған жері Ақтөбеге жеткізілді. Қазір жақындары жерлеу рәсіміне дайындалып жатыр.
Қайғылы жағдай 7 қыркүйекте Ерейментау қаласында өткен халықаралық турнир кезінде болған. 2010–2011 жылы туған жасөспірімдер арасындағы 50 келіге дейінгі салмақта белдескен ақтөбелік спортшы сәтсіз әдіс жасау салдарынан мойын омыртқасын сындырып алған.
Ол дереу Астанадағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер бірнеше күн бойы оның өмірі үшін күрескенімен, жас спортшыны құтқара алмады.
Ақмола облыстық полиция департаменті бұл оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеді.