Желіде Алматыда Әуезов ауданы Яссауи көшесінде жаңа асфальт опырылғаны көрінетін видеолар тарады. Салдарынан автобустардың қозғалысы тоқтап қалған, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі өкілі жағдайға пікір білдірді. Ресми мәліметке сүйенсек, 17 қыркүйекте таңертең Яссауи көшесінің Дастан көшесімен қиылысында жол жабынының шамамен 100 шаршы метр аумақтағы бөлігі опырылған.
"Бұған дейін "Спецкоммунстрой" мердігер ұйымы ұзындығы 2,8 шақырым болатын кәріз желілерін салған болатын. Жүргізілген тексеріс барысында нөсер жауын кезінде абоненттік желілер траншеялары шайылып, топырақ жұмсарғаны анықталды. Соның салдарынан жол жабындысында ойық пайда болып, асфальт опырылған", - деп жазылған хабарламада.
Әкімдік өкілдері қазір жол төсемін қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. "Жөндеу жұмыстары 18 қыркүйекте аяқталады", - деп сендірді жауаптылар.
"Қазіргі таңда себептерді анықтау мақсатында қосымша тексеріс жүргізіліп жатыр. Яссауи көшесіндегі асфальт жабынының ойылу себептерін нақтылау үшін Қалалық құрылыс бақылау басқармасына сауал жолданды. Себебі топырақтың дұрыс нығыздалмауы ықтимал нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Оның нақты себебі тексеріс нәтижесінде белгілі болады", - деді әкімдік өкілдері.