Инфляция қаңтар айында Қазақстанның 14 өңірінде екпін алды

Кәмшат Тілеухан 19 ақп. 2025 10:06 330

Қаңтарда елде жылдық инфляция жеделдеп, 8,9% болды (2024 жылғы желтоқсанда – 8,6%). Жылдық инфляция 14 өңірде қарқын алып, 6 өңірде өзгеріссіз қалды. Бұл туралы Ұлттық Банктің баспасөз қызметі ақпарат таратты, деп жазады Dalanews.kz

Жылдық инфляцияның ең жоғары мәні Астана қаласында тіркелді.

Қаңтарда азық-түлік тауарларының бағасы ж/ж 5,8%-ға дейін өсті (2024 жылғы желтоқсанда – 5,5%). Осы топтағы тауарлардың бағасы Жетісу облысында (7,9%) максималды, Түркістан облысында (3,3%) минималды өсім көрсетті.

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 8,4%-ға дейін жеделдеді (2024 жылғы желтоқсанда – 8,3%). Ең жоғары мән Түркістан облысында (13,1%), ең төменгі мән Павлодар облысында (5,7%) тіркелді.

Қаңтарда ақылы қызметтер бағасының ж/ж өсу қарқыны 13,8%-ға дейін жеделдеді (2024 жылғы желтоқсанда – 13,3%). Сонымен қатар Астана қаласында (17,8%) баға жалпы республикалық деңгейден біршама жоғары, Түркістан облысында (9,3%) айтарлықтай төмен өсті.

Бұл ретте, ел бойынша айлық инфляцияның өсу қарқыны қаңтарда 1,1%-ды құрады.

Бұған дейін сайтымызда "ХВҚ мен Дүниежүзілік банк Қазақстан экономикасы туралы: Шұғыл реформалар жүргізу керек" деген мақала жарияланған.Келтірілген деректерге сәйкес, Дүниежүзілік банк Қазақстанда инфляция 2025 жылы 7,5–8,0%-ға дейін және 2026 жылы 6,0%-ға дейін төмендейді деп болжайды. Ал Halyk Finance жыл соңына дейін,керісінше бұл көрсеткіш 9,0%-ға көтеріледі деп бажайлайды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар