Илон Масктың байлығы 700 млрд доллардан асты

Көркем Алдабергенова 22 жел. 2025 13:45

Илон Масктың сыйақысы қайта қалпына келтірілді, миллиардердің байлығы $700 млрд-тан асты, деп хабарлайды Dalanews.kz. 

АҚШ-тың Делавэр штатындағы Жоғарғы сот Илон Масктың $56 млрд көлеміндегі сыйақысын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. Бұл туралы Financial Times жазады.

Аталған сыйақы пакеті Tesla компаниясы акционерлерінің 2018 жылғы жылдық жиналысында мақұлданған. Алайда 2024 жылы Делавэрдің Канцлерлік соты бұл шешімді жарамсыз деп танып, Маск өзінің беделі мен ықпалын пайдалана отырып директорлар кеңесін бақылауда ұстағанын, ал мұндай көлемдегі өтемақы акционерлер үшін әділетсіз екенін алға тартқан болатын.

Енді Жоғарғы соттың шешімінен кейін жағдай өзгерді. Forbes дерегіне сәйкес, Масктың жалпы байлығы $749 млрд-қа дейін өсіп, екінші орында тұрған Google компаниясының негізін қалаушылардың бірі Ларри Пейджтан шамамен $500 млрд-қа артық көрсеткішке жеткен.

Осылайша Илон Маск адамзат тарихында алғаш рет байлығы $700 млрд-тан асқан тұлға атанды. Айта кетейік, өткен аптада ол байлығы $600 млрд межеден асқан алғашқы адам ретінде де тіркелген еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар