Халықаралық CERAWeek 2025 энергетикалық конференциясы аясында Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев АҚШ Энергетика министрі Крис Райтпен кездесті. Кездесудің негізгі тақырыптары мұнай-газ саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру, екі ел арасындағы Стратегиялық энергетикалық диалогты (СЭД) дамыту, энергия ресурстарын жеткізуді әртараптандыру және "жасыл" энергетика саласындағы ынтымақтастық мәселелері болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Министрлер Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ жобаларының іске асырылу барысын жан-жақты талқылады. Қазақстандық тарап бұл жобаларға америкалық инвестициялар мен технологияларды тартудың маңыздылығын атап өтті.
СЭД аясында тараптар парниктік газдар шығарындыларын азайту, жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту, бейбіт атом энергетикасы саласындағы өзара іс-қимыл және стратегиялық маңызы бар материалдарды өндіру сияқты бағыттар бойынша ынтымақтастық перспективаларын қарастырды. Қазақстан шағын модульдік реакторларды (SMR) әзірлеу және пайдалану бойынша АҚШ тәжірибесін зерттеуге қызығушылық білдірді.
Кездесуде Қазақстан мұнайын тасымалдау маршруттарын әртараптандыру мәселесіне ерекше назар аударылды. Министр Сәтқалиев Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің маңыздылығын атап өтіп, оның дамуына АҚШ-тың қолдау көрсететініне сенім білдірді.
Тараптар, сондай-ақ, санкциялық шектеулердің қазақстандық мұнайды әлемдік нарыққа тұрақты жеткізуге әсер ету мәселелерін талқылады.
"Қазақстан мен АҚШ энергетика саласында стратегиялық серіктестер болып табылады. Біз өзара ынтымақтастығымызды жоғары бағалаймыз және оны одан әрі кеңейту үшін, әсіресе "жасыл" энергетика және жаңа технологиялар саласында, зор әлеует көріп отырмыз. Ортақ күш-жігеріміз жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен тұрақты дамуға елеулі үлес қосады деп сенемін", – деп мәлімдеді Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
Айта кетсек, бұған дейін АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Қазақстан премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеумен телефон арқылы сөйлескен болатын. Тараптар саяси диалог пен экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аудара отырып, кеңейтілген стратегиялық серіктестіктің қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылады.