Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері, Халық қаһарманы Иван Гапичтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Мемлекет басшысы ардагердің майдандағы ерлігі мен соғыстан кейінгі елге сіңірген еңбегін ерекше атап өтті.
«Иван Степанович майданға өз еркімен аттанып, байланысшы ретінде соғыстың соңына дейін қатысты. Елге оралған соң ұзақ жылдар бойы прокуратура органдарында мінсіз қызмет атқарды», – делінген жеделхатта.
Президент Иван Гапичтің адамгершілік қағидаттарына адалдығы, кәсібилігі мен әділдігі үшін әріптестері мен көпшілік арасында зор құрметке ие болғанын жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев ардагердің өмір жолын отансүйгіштіктің, антқа беріктіктің және әділдік құндылықтарын ұстанудың жарқын үлгісі деп бағалады.
Иван Гапичтің қайтыс болғаны туралы бұған дейін Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлаған. Ардагер 103 жасында, 104 жасқа қараған шағында өмірден өтті.
Иван Степанович Гапич 1923 жылы Ақмола облысында дүниеге келіп, Алматы қаласында білім алған.
Ұлы Отан соғысы жылдарында ол байланысшы ретінде Польша, Чехословакия және Украина аумақтарын азат ету операцияларына қатысқан. Сондай-ақ Мәскеуде өткен тарихи Жеңіс шеруіне қатысушылардың бірі болды.
Соғыстан кейін Иван Гапич прокуратура органдарында ұзақ жыл еңбек етіп, елдің құқық қорғау саласына елеулі үлес қосты.