Халықаралық соттарда Қазақстан 7,5 млрд долларға талас білдіріп, өз мүддесін қорғауда

Кәмшат Тілеухан 10 шіл. 2025 16:54

Қазақстанның халықаралық соттағы тартысы ширығып тұр. Қазірдің өзінде еліміз өз мүддесін қорғау үшін сыртта 21 іс бойынша айқасып жатыр. Дәл қазір таласқа түсіп жатқан қаржы көлемі де қомақты – 7,5 млрд доллар немесе 3,8 трлн теңге. Бұл туралы бүгін Әділет министрлігінің Мемлекеттік мүліктік құқықтарды қорғау департаменті директорының міндетін атқарушы Ерлан Мұсабаев мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, 21 істің 13-і арбитражда, алтауы шетелдік соттардың қарауында болса, екеуі әзірге сотқа дейінгі сатыда.

Олардың ішінде бірден көзге түсетіні – канадалық World Wide Minerals уран компаниясымен арада болған көпжылдық әйгілі дау. Кезінде аталған компания Целиноград тау-химия комбинатын басқаруға қатысты келісімшарттың бұзылғанын, сондай-ақ уран экспортына лицензия берілмегенін алға тартып, Қазақстаннан 65 млн доллар өндіріп алуға әрекеттенген еді. Алайда Лондонның Жоғарғы соты жақында бұл істің нүктесін қойып, Қазақстанның пайдасына шешім шығарды. Ағылшын соты еліміздің канадалық компания алдындағы ешқандай міндеттемесі болмағанын мойындады.

"Айта кету керек, Англия сотында апелляциялық шағымның қабылдануы өте күрделі процесс. Ондай шағымдардың небәрі 2 пайызы ғана оң нәтижемен аяқталады", – деп атап өтті Мұсабаев.

Сонымен қатар, Қазақстанның тағы бір ірі жеңісі – Todini Impregilo Kazakhdorstroy бірлескен кәсіпорнымен арадағы дау. Париждегі арбитраж Қазақстанның позициясын толық қолдап, компанияның барлық талаптарын негізсіз деп таныды.

Министрлік өкілі осындай жетістіктердің арқасында соңғы жылдары халықаралық даулардың саны едәуір азайғанын да атап өтті.

"Бұл – Қазақстан мүддесін шетелдік соттар мен арбитраждарда кәсіби түрде қорғап жүрген заңгерлеріміздің жүйелі әрі тиянақты еңбегінің жемісі", – деді Мұсабаев.

Бұған дейін сайтымызда "Қашағанда өндіріліп жатқан барлық мұнайдың 2 пайызы ғана Қазақстанға бұйырады. Неге?" деген мақала жарияланған болатын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар