Wildberries қоймасының маңында тағы өрт шықты

Wildberries қоймасының маңында тағы өрт шықты
18 шілдедегі шабуыл: Reuters

Мәскеу облысы Украина қарулы күштерінің кезекті жаппай дрон шабуылына ұшырады. Astra Telegram арнасының хабарлауынша, шабуылдан кейін Подольск қаласындағы Коледино ауданында орналасқан 3PL логистикалық компаниясының қоймасында өрт шыққан, деп хабарлайды dalanews.kz.

OSINT-талдау негізінде жарияланған бейнежазбаларда оқиға орнынан қою қара түтін көтерілгені байқалады. 3PL компаниясы тауарларды қабылдау, сақтау, тапсырыстарды жинақтау, орау және жеткізумен айналысады.

Ең бастысы, өрт шыққан қойманың дәл жанында Wildberries маркетплейсінің ірі логистикалық орталығы орналасқан. Осыған байланысты әлеуметтік желілерде Wildberries қоймасына зақым келгені туралы ақпарат тарады.

Алайда Wildberries компаниясының баспасөз қызметі бұл мәліметті жоққа шығарды. Компанияның хабарлауынша, Колединодағы логистикалық кешен қалыпты режимде жұмыс істеп тұр, ғимаратқа зақым келмеген және тауарларды қабылдау мен жөнелту жұмыстары кестеге сай жалғасуда. Мұны растау үшін компания қоймадағы қалыпты жұмысты көрсететін бейнежазбаны жариялады.

Ал Мәскеу мэрі Сергей Собяниннің мәліметінше, Мәскеу өңіріне қарай барлығы 390 ұшқышсыз ұшу аппараты бағытталған. Оның ішінде Мәскеуге жақындаған 81 дрон әуе қорғаныс күштері тарапынан жойылған. Сонымен қатар Чехов қаласындағы тұрғын үйге дрон тиіп, бірнеше пәтер зақымданғанымен, зардап шеккендер тіркелмеген.