Әзірше вице-министрдің не үшін айыпты болып қалғаны белгісіз. Жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның адамдары ұстаса, жоғары лауазымды ханымның қандайда бір жемқорлық іске қатысы болғаны анық.
Ұлттық бюроның баспасөз қызметі «ҚР Білім және ғылым вице-министріне қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды. Қосымша ақпараттарды алдағы уақытта хабарлаймыз» деп қысқаша ақпарат таратты.
Мән жайды білу үшін informburo.kz сайтының журналистері ҚР Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидиноваға хабарласқанда, ол бұл іске қатысты ештеңе білмейтіндіктен, түсініктеме бере алмайтынын айтыпты.
Ал Ұлттық бюро қызметкерлері тұтқындаған Эльмира Суханбердиева телефоны өшірулі. Әзірше тиісті органдардан ақпарат күту ғана қалды.
2017 жылы Эльмира Суханбердиева «Болашақ» бағдарламасы бойынша АҚШ-та білім жетілдіруге ұмтылып, «Қазтест» жүйесінде қазақ тілінен 135 балл алып, елдің назарын өзіне аударғанын Dalаnews.kz сайты жазған болатын.
Осылайша Эльмира Суханбердиева АҚШ-тың Беркли университетінде білім алу мүмкіндігіне ие болғаны есімізде. Сол кезде экс-министр Ерлан Сағадиев «басшылық қызметтегі адамдардың шетелде білім алу мен ағылшын тілін білу турасында талап бар» деп түсініктеме берген-ді (Шіркін-ай, осындай талап қазақ тіліне да қатысты болып, оны барлық шенділер орындап жатса қандай жақсы болар еді).
Шетелде білім алған, ағылшын тілін жетік меңгерген, бір сөзбан айтқанда Америка көрген вице-министрдің қамаққа алынуы елді айран-асыр қылғаны анық.
Иә, әзірше Эльмира Суханбердиеваның не бүлдіріп қойғанын анық білемйміз. Бірақ жемқорлыққа қарсы Ұлттық бюроның адамдары шенділердің соңына шам алып бекерге түспейтінін ескерсек, Эльмира ханымның бір жерден мүлт кеткені анық.
Жалпы, соңғы уақыттары Білім және ғылым министрлігіндегі шенділердің істі болуы бұл ғана емес, Ұлттық бюро қызметкерлері 24 мамыр күні Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры Рамазан Әлімқұловтың айбын бетіне басып, қолына кісен салған болатын.
Ұлттық бюро қызметкерлері таратқан мәліметке сенсек, Рамазан Әлімқұлов мемлекеттік сатып алуда қандайда бір компанияға көмек көрсеткені үшін құны 9 млн теңге тұратын су жаңа Тойота-Камри машинасын алған деген күдікпен ұсталғаны белгілі.
Енді ай айналмай жатып, вице-министр құрыққа ілінді. Қалай болғанда да, іске жаңадан кіріскен министр Күләш Шәмшидиноваға қиын болып тұр.
Күні кеше ғана Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қармағындағы адамдары жемқорлыққа әрекетімен істі болса бірінші басшылар моральдық жауапкершілікті мойынымен көтеруі керектігін қадам тұрып айтқаны есімізде.
Айтқан сөз атылған оқ. Оны кері қайтарып ала алмайсың. Бір емес екі бірдей адамы істі болып жатқанда министрдің үнсіз қалуын қоғам көтермесі анық.
Жарбол КЕНТҰЛЫ