Вячеслав Ким сатып алғаннан кейін Alatau City Bank кейбір сервистерін жаба бастады

Кәмшат Тілеухан 22 қыр. 2025 15:43

25 қыркүйектен бастап Alatau City Market өз жұмысын тоқтатады. Банктің баспасөз қызметі түсініктемесінде бұл шешім бизнес-басымдықтардың өзгеруімен байланысты екені айтылады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Маркетплейс – дербес бизнес-құрылым және оның жабылуы банктің негізгі қызметіне әсер етпейді", делінген банктің баспасөз баянында.

Одан бөлек Alatau City Bank банктік қызметке жатпайтын сервистерді жаба бастаған: бүгінгі таңда азық-түлік жеткізу, әуе және теміржол билеттерін броньдау, кино мен театр билеттерін сатып алу қызметтері де тоқтаған.

"Біз сервистерді біртіндіп жаба бастауды жөн деп таптық. Бұл шешім біздің басымдықтарымызды өзгертуге және жаңа жобаларға ден қоюымызбен байланысты. Сондықтан бүгінгі күндері қосымшамыздағы супермаркеттергн қолжетімділік жоқ. Аталған қызметтерді қайта іске қосу да жоспарланып отырған жоқ", – деді банктегілер.

Айта кетсек, 2025 жылы шілде айында банкті кәсіпкер Вячеслав Ким сатып алған болатын. Бұған дейін банк Tele2/Altel-мен Jusan Mobile жобасы бойынша жұмысты тоқтатып, ребрендинг жасаған еді.

Қазақстанда цифрлық активтердің толыққанды экожүйесін қалыптастыруды жеделдету үшін Ұлттық Банкпен бірлесіп, Мемлекеттік цифрлық активтер қорын құру да жоспарлануда. Бұл құрылымда жаңа цифрлық қаржы жүйесіндегі болашағы зор активтерден құралған стратегиялық крипторезерв жинақталады. Сондай-ақ, президент Alatau City аймақтағы толық цифрланған алғашқы қалаға айналатынын да айтқан еді.

"Мұнда Smart City технологияларын қолданудан бастап тауарлар мен қызмет ақысын криптовалютамен төлеуге дейінгі жаңалықтың барлығы енгізілмек. Бұл қала Қазақстанның келешектегі келбетін танытпақ. Онда технологиялық өрлеуге және өмір сүруге барынша қолайлы жағдай жасалады", - деді Мемлекет басшысы бұл ретте. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар