Атыраудағы қанды қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іс немен аяқталды?

Атыраудағы қанды қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты іс немен аяқталды?
smartnews.kz коллажы

Атырауда Мұқанғалиевтер отбасының өліміне байланысты сот процесі кезінде Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты бөлек қозғалған қылмыстық істің мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Сот отырыстарының бірінде судья Зарема Хамидуллина Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты материалдарды жеке өндіріске бөлу туралы қаулыны жариялаған.

Оған Қылмыстық кодекстің 434-бабы, яғни қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша іс қозғалған. Алайда сот барысында судья Мұқанғалиеваның психикалық ауруына байланысты ем қабылдап жүргеніне назар аударып, оның мұндай жағдайда қылмыстық жауапкершілікке қалай тартылғанын сұрады.

"Ол қылмыс туралы хабарламағаны үшін қалай жауап беруі мүмкін?" – деді судья мемлекеттік айыптаушыға.

Кейін Ақбаян Мұқанғалиеваға қатысты қозғалған қылмыстық іс оның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық құрамы анықталмауына байланысты тоқтатылды.

Қазіргі уақытта Ақбаян Мұқанғалиева ем қабылдауды жалғастырып жатыр.

Ал Мұқанғалиевтер отбасының өліміне қатысты істің басты айыпталушысы Сұлтан Сәрсемәлиев сот үкімімен өмір бойына бас бостандығынан айырылды.