Жезқазғанда еліміздің үздік металлургтері марапатталды

Жезқазғанда еліміздің үздік металлургтері марапатталды
Kazakhmys

Жезқазғанда Металлург күніне арналған салтанатты жиын өтті. Жоғары кәсіби шеберлігі, көпжылдық адал еңбегі және отандық металлургия саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақмыс» Тобының 70-тен астам жұмыскері мемлекеттік, ведомстволық және корпоративтік наградалармен марапатталды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтаған Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен өңір үшін металлургия саласының маңызы ерекше екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл сала облыс экономикасының басты қозғаушы күші әрі негізгі драйвері болып табылады.

«Ұлытау – қазақ мемлекеттігінің алтын бесігі, ұлттың ұясы, киелі мекен. Өңір үшін металлургия саласының орны ерекше. Кен балқыту ісі - экономиканың негізгі қозғаушы күші, драйвері. Еліміз үшін металлургия саласының орны ерекше. Облысымыз үшін бүгінгі күннің орны бөлек. Себебі Жезқазғанда, осы салада, кен өндіру ісінде 5 мыңнан астам қызметкер жұмыс істейді. Яғни осыншама азамат өмірінің мағыналы сәттерін маңызды іске арнап келеді. Баршаңызды бүгінгі кәсіби мерекелеріңіз – Металлургтер күнімен шын жүректен құттықтаймын!»,- деп облыс басшысы жылы лебізін білдірді.

«Қазақмыс корпорациясы» ЖШС Бақылау кеңесінің төрағасы Нұрмұхамбет Әбдібеков компанияның тек өндіріске ғана емес, сонымен қатар өзіне қатысы бар өңірлерді дамытуға да жүйелі түрде инвестиция салып келе жатқанын атап өтті.

«Бүгінде біз заманауи қоғамдық кеңістіктерді, білім беру, мәдени және әлеуметтік нысандарды салып, бүгінгі және болашақ ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасап келеміз», – деп атап өтті Нұрмұхамбет Әбдібеков.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС Басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі компанияның басты байлығы – адам екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбекқор әрі өз ісіне адал жандардың арқасында кәсіпорын саладағы көшбасшылық орнын сақтап келеді. Сонымен қатар ол «Қазақмыс» компаниялар тобының құрылтайшысы Нұрлан Артықбаевтың кәсіби мерекеге арналған құттықтауын жеткізді.

«Алғашқы күннен бастап менің және командамның басты ұстанымы – сөзден гөрі іске басымдық беру, нақты нәтижеге қол жеткізу. Биылғы күздің өзінде алғашқы әлеуметтік жобалардың жүзеге асқанын көресіздер. Алдағы уақытта да «Қазақмыста» еңбек етуді барынша жайлы, қауіпсіз әрі беделді ету үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз», – деді Руслан Өскенәлі.

Сонымен қатар, «Kazakhmys Smelting (Қазақмыс Смэлтинг)» ЖШС Бас директоры Жәнібек Байғабелов та құттықтау сөзінде металлургтерге адал еңбегі үшін алғыс білдірді. Ол еңбеккерлердің кәсібилігі мен қажырлы еңбегінің арқасында компания түсті металлургия саласындағы көшбасшылық орнын сақтап, катодты мыстың халықаралық 99,99% тазалық стандартын тұрақты түрде қамтамасыз етіп отырғанын атап өтті.

Металлург күні дәстүрлі түрде Жезқазған қаласы мен Ұлытау облысы үшін ең маңызды кәсіби мерекелердің бірі болып қала береді. Бүгінде «Қазақмыс» компаниялар тобы металлургиялық кәсіпорындарды жаңғырту, өндірістік қауіпсіздік деңгейін арттыру, заманауи технологияларды енгізу және өңірлердің дамуына бағытталған әлеуметтік жобаларды жүйелі түрде жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырып келеді.