Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев FlyArystan әуекомпаниясының жұмысына қатысты өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдіріп, жиналған шағымдар негізінде депутаттық сауал жолдайтынын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"FlyArystan туралы жазбаған адам қалмаған шығар. Мен де ұзақ уақыт үндемей келдім. Бірақ бүгін, ұшуға сегіз күн қалғанда рейстің 10 сағат 45 минутқа кешіктірілетіні хабарланған кезде, шыдамым таусылды. Ешқандай түсініктеме берілмеді. Бұл – бұл компания үшін үйреншікті жағдай. Олар жолаушылармен дұрыс байланыс орнатпайды, кешірім сұрамайды, себеп түсіндірмейді. Ал олар адамдармен, әрі адамдар үшін жұмыс істейді ғой", – деп жазды депутат.
Сергей Пономарев бұған дейін де FlyArystan қызметі барысында қиындықтарға тап болғанын айтады. Оның айтуынша, қарапайым кітап пен заттар салынған пакет үшін 11 мың теңге артық төлеуге мәжбүр болған. Сонымен қатар, оны алдын ала ескертпестен, бірнеше сағат рейс кешіккен жағдайлар да орын алған.
"Бұл – менің ғана басымнан өткен жағдай емес. FlyArystan-мен байланысты мұндай оқиғалар мыңдап саналады. Бірақ оларға бұл еш әсер етпейтін секілді. Компания қызметкерлері артық жүк үшін жолаушыларды жауап беруге, қосымша төлем жасауға мәжбүрлеген кезде бұдан ләззат алатындай көрінеді", – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, қазір билетті қайтару немесе ауыстыру толық билет бағасына жуық сомаға түседі. Ал FlyArystan өзін «бюджеттік, арзан, лоукостер, дәстүрлі қызметтерден бас тарту арқылы жолақыны төмен ұсынатын компания» ретінде көрсетеді.
– Осыған байланысты мен депутаттық сауал дайындап жатырмын және компания өкілдерімен жеке кездесіп, жиналған сұрақтарға жауап іздеймін. Өз сұрақтарыңызды осы жазбаның астына қалдыра беріңіздер, – деп түйіндеді Сергей Пономарев.