Депутат Жұлдыз Сүлейменова Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевқа үн қатып, өз пікірі бар ұстаздарды қудалауды тоқтатуды талап етті деп жазады Dalanews.kz.
Ол әлемжеліде өзін белгілеп, жанайқайын жазған мұғалімдердің көп екенін айтты.
«Мәселен, Батыс Қазақстанда Тілекқабыл Нұрышев, Оңтүстікте Өмір Шыныбек секілді мұғалімдер бар. Оларды сотқа беріп, қудалаумен жүр. Өзіңіз (министрге қарата, ред) әр сұхбатыңызда «Мен ұстаздарды қорған боламын» дейсіз. Сонда аталған мұғалімдерді неге, неліктен сотқа берді? Қудалау қашан неден басталды?» – дейді депутат.
Артынша Елордадағы нөмір 90-шы гимназияның директоры болған Аятжан Ахметжанұлы туралы да сөз қозғады.
«Мен сізге тікелей қыркүйек айында лицензиясына, қорғауға қатысты сұрақ қойдым. Бүгінгі таңда арнайы тексеріс жүріп жатыр екен. Не үшін? Аятжан Ахметжанды қудалауды тоқтатыңыздар. Мұның артында Оқу-ағарту министрлігі тұрса, доғарыңыздар. Қытайдан бір қандасымыз келіп, ұлттық мектеп құрамын деп жүрсе, қолдауымыз керек. Қолдай алмадық екен, тым болмаса қудалауды тоқтатайық. Ол елдігімізге де, азаматтығымызға да, сізге де сын», – дейді Жұлдыз Сүлейменова.