Үндістан полициясы қазақстандық велоспорт бапкері, бұрынғы кәсіби велошабандоз Мақсат Аязбаевты іздестіріп жатыр. Кәмелетке толмаған спортшы оны зорлады деп айыптаған, деп хабарлайды dalanews.kz.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға 13 қыркүйекте Патиала қаласындағы Нетаджи Субхас атындағы Ұлттық спорт институтының аумағында болған. Жас спортшы 18 қыркүйекте полицияға арыз түсірген. Оның шағымынан кейін Үндістанның Қылмыстық кодексі және кәмелетке толмағандарды жыныстық сипаттағы қылмыстардан қорғайтын POCSO заңы бойынша қылмыстық іс қозғалған.
The Times of India басылымының мәліметінше, қазақстандық азаматты іздестіру үшін бірнеше полиция тобы құрылған.
– Құқық қорғау органдары бапкердің оқиғадан кейін Делидегі жаттығу жиындарының бірінде болғаны туралы ақпарат алған. Алайда кейін оның қайда кеткені белгісіз болып қалған, – деп жазады басылым.
Сондай-ақ қазақстандықтың төлқұжаты полицияның қолында екені хабарланды. Бұдан бөлек, оған қатысты Look Out Circular жарияланған. Бұл – шекара және көші-қон қызметтеріне жолданатын арнайы хабарлама. Ол күдіктінің Үндістан аумағынан шығып кетуіне жол бермеуге бағытталған.
Мақсат Аязбаев Үндістан құрамасымен бірге Жапонияда өтетін Азия ойындарына қатысуы тиіс болған. Алайда айыптаулардан кейін оның сапарға шығуына берілген рұқсат күшін жойған. Үндістанның Велоспорт федерациясы қазақстандық маманды қызметінен шеттетіп, істі ұйымның ішкі комиссиясының қарауына тапсырған. Кәмелетке толмаған спортшы медициналық тексеруден өтіп, оған психологиялық және заңгерлік көмек көрсетілген.
Айта кетейік, Мақсат Аязбаев бұған дейін Қазақстанның атынан кәсіби тасжол велоспорты жарыстарына қатысқан.