Freedom Inside '26

Ұлттық қордан алынған 83 млрд теңге қайтарылмаған

Ұлттық қордан алынған 83 млрд теңге қайтарылмаған
BAQ.kz

Сенаттың жалпы отырысында Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов бюджет қаражатын жоспарлау мен игерудегі жүйелі проблемаларды жариялап, бірқатар маңызды көрсеткіштерге қол жеткізілмегенін мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, жаңа Бюджет кодексі мемлекеттік органдардың дербестігін арттырғанымен, көптеген мекемелер жаңа талаптарға толық бейімделмеген.

Смайылов бюджет тетіктерін цифрландыру әлі де толық аяқталмағанын айтты. Қазіргі уақытта республикалық бюджет пен Ұлттық қор қаражатының қозғалысын толық цифрлық форматта бақылау қамтамасыз етілмеген. Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері де жеткілікті деңгейде интеграцияланбаған.

Жоғары аудиторлық палата дерегінше, басымдықтардың жиі өзгеруі салдарынан жалпы құны 75 млрд теңгені құрайтын 99 инвестициялық жоба алып тасталған. Сонымен қатар жоспарланған әрбір бесінші жоба аяқталмай қалған.

«Сегіз рет түзету енгізу аясында бұрын бекітілген 2,4 трлн теңге қайта бөлінді. Кейбір әкімшілерде қайта бөлінген қаражат көлемі жоспарланған бюджеттің 90 пайызына дейін жетті», – деді Смайылов.

Оның айтуынша, тиімсіз пайдаланылған қаражат көлемі 2024 жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артқан.

Сондай-ақ бірқатар ұлттық көрсеткіштерге қол жеткізілмеген. Атап айтқанда, цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, экология салаларындағы 11 негізгі ұлттық және 30-дан астам нысаналы индикатор орындалмаған.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы салық түсімдері бойынша болжамдардың тым оптимистік болғанын атап өтті.

«Салық түсімдері бойынша болжамдардың шамадан тыс оптимизммен жасалуы салдарынан бюджетке жоспарланған 335 млрд теңге түспеді», – деді ол.

Смайыловтың бағалауынша, 2026 жылғы төлемдердің 154 млрд теңгесі 2025 жылы тартылған, ал шамамен 900 млрд теңге көлеміндегі қосылған құн салығы қайтарылмаған.

Оның айтуынша, бұл шаралар бюджет теңгерімін қамтамасыз ете алмаған. Нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысы бойынша 244 млрд теңге көлеміндегі шығыстар қаржыландырылмай қалған және едәуір кредиторлық берешек қалыптасқан.

Жоғары аудиторлық палата салықтық әкімшілендіру сапасына да назар аударды. Соңғы жылдары салық төлеушілердің сотқа шағымдануы көбейіп, даулы сомалардың жартысынан көбі олардың пайдасына шешілген.

Бұдан бөлек, бюджеттен тыс қорлардың қызметі де толық ашық емес екені айтылды. Палата кемінде 30 нысан бюджеттен тыс қор белгілеріне сәйкес келетінін анықтаған.

Смайылов ұлттық жобаларды қаржыландыру мәселесіне де тоқталды.

Оның айтуынша, 2025 жылы ұлттық жобаларды қаржыландыру тапшылығы жоспардың 38 пайызына жеткен. Ал жобалардың параметрлері мен көрсеткіштері бірнеше рет өзгертілген.

Жоғары аудиторлық палата төрағасы Ұлттық қор қаражатының бір бөлігі стратегиялық мақсаттарға емес, жергілікті деңгейдегі жобаларға жұмсалғанын айтты.

«Ұлттық қор қаражаты көшелер мен саябақтарды абаттандыруға, ауылдық клубтар салуға және көшелерге жарық орнатуға бағытталған», – деді ол.

Сондай-ақ, құны 100 млрд теңгеден асатын 132 жоба қаржыландыру тізімінен алынып тасталған немесе басқа жобалармен ауыстырылған.

Әлихан Смайыловтың мәліметінше, Ұлттық қорға қайтарылуы тиіс шамамен 83 млрд теңге әлі күнге дейін қайтарылмаған.

Жоғары аудиторлық палата барлық анықталған мәселелер бойынша Үкіметке тиісті ұсынымдар бергенін мәлімдеді.