Сараптамалық несиелік рейтингтік агенттігінің (АКРА) сарапшылары Ұлттық қор болмағанда бюджет тапшылығы сыни деңгейге жетер еді деп санайды. Трансферттер дер кезінде жасалмаса, онда мемлекеттік қарыз көлемі ұлғайып, бюджеттік шығыстарды қайта қарауға тура келер еді. Әлемдік экономикадағы құбылмалы жағдай мен Қазақстанның бюджет саясатының жаңа дәуірге аяқ басуы Салық және Бюджеттік кодекстердің жаңаруымен бірге ерекше мәнге ие болып отыр. Осы тұста бюджет тапшылығының соңғы жылдардағы өсу қарқыны сарапшылар назарынан тыс қалмады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Айта кетсек, 2024 жыл бюджетке келіп түскен салықтық түсімдер тағы да жоспардағыдан айтарлықтай төмен болды.
"Трансферттерді есептемегенде, салықтық түсімдер жоспарланған көлемнің тек 89,2%-ын құрады. Экономиканың номиналды өсімі 12,4%-ға жеткенімен, бюджет тапшылығы, Ұлттық қордан келетін трансферттерді алып тастағанда, 6,8%-ға дейін жетіп, соңғы екі жылдағы көрсеткіштерден жоғарылады. Ұлттық қордан босатылатын трансферттердің бюджет тапшылығын жабудағы рөлі соңғы 10 жылда айрықша байқалады. Оның мөлшері ЖІӨ-нің 3%-ынан 8%-ына дейінгі аралықта құбылып отырады. Сарапшылардың пікірінше, дәл осы трансферттік механизм Қазақстан экономикасын мемлекеттік қарыздың күрт өсуінен сақтап қалып отыр. Бұл фактор соңғы жылдары пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болған тұсында ерекше маңызды", деп жазады АКРА агенттігінің зерттеуіне сүйене отырып, Kapital.kz.
Ұлттық қордың рөліне келсек, әлем бойынша суверендік қорларды пайдаланатын елдердің саны көп емес. Қазақстан 2000 жылы тамызда Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен Ұлттық қорды құрған сәттен бастап осы бір ерекше құралды тиімді пайдаланып келе жатқан шағын мемлекеттердің қатарына кіреді. Бастапқыда қор ел экономикасын мұнай бағасының құлдырауы секілді сыртқы теріс факторлардан қорғап, келешек ұрпақ алдындағы жауапкершілікті орындауға арналған болатын. Ұлттық қордың жинақтары алғаш рет 2001-2002 жылдары қордалана бастап, 2014 жылы өзінің шарықтау шегіне жетті (77,24 млрд доллар).
Алғашқы жылдары қордан бөлінетін трансферттер мұнай бағасы белгілі бір деңгейден төмендегенде ғана бюджетке түседі деп жоспарланды. Бірақ іс жүзінде, мұнай бағасының деңгейіне қарамастан, трансферттер тұрақты түрде бюджетке жіберіліп отырды. 2006 жылдан бастап трансферттер Қазақстан бюджетінің тұрақты кіріс көзіне айналды. Олар кепілдендірілген және мақсатты трансферттер деп екіге бөлінеді. Әсіресе, 2008–2010 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы мен 2020 жылғы пандемия кезеңінде қордан аударылған трансферттер көлемі айтарлықтай өсті. Орта есеппен трансферттердің бюджет кірістеріндегі үлесі 24%-ды құрады.
"Қазіргі кезде қордың жалпы резерві 2024 жылдың соңында 58,8 млрд доллар немесе ЖІӨ-нің 20,4%-ын құрады. Номиналды түрде резервтер ұдайы өскенімен, 2017 жылдан бері оның экономикаға қатысты үлесі біртіндеп төмендеп келеді. Бұған қор активтерінің кірістілігі кейбір жылдары, тіпті теріс көрсеткіш көрсетуі әсер етті. Соңғы үш жылда (2022-2024) трансферттердің бюджет кірістеріндегі үлесі орташа шамамен 20%-ға дейін төмендегені байқалады. Сонымен қатар, кейінгі жылдары квазимемлекеттік компаниялардың акцияларын Ұлттық қорға сатып алуды көздейтін жоспардан тыс трансферттер де жиілеп кеткен. Мұндай операциялар статистикалық есептеулерде көрсетілмегенімен, факті жүзінде бюджет саясатының бір бөлігіне айналған", делінеді зерттеуде.
АКРА агенттігінің сарапшылары Ұлттық қордан бөлінген трансферттер мемлекеттік резервтерді жылдамырақ толықтыруға мүмкіндік бермесе де, елдің мемлекеттік қарызының шектен тыс артып кетуіне жол бермей, қарыздық көрсеткіштердің қалыпты деңгейде қалуына ықпал еткенін айтады. Егер осы трансферттер болмаса, мемлекеттік қарыздың мөлшері айтарлықтай өсер еді.
"2024 жылдың соңында Қазақстанның мемлекеттік қарызы (кепілдіктер мен міндеттемелерді есептемегенде) 31,8 трлн теңгені немесе ЖІӨ-нің 23,5%-ын құрады. Соның ішінде үкіметтің ішкі қарызы ЖІӨ-нің 16%-ына тең болды. Бұл көрсеткіш әлемдік ауқымда қалыпты деңгейде саналады. Егер Ұлттық қордан бюджетке аударылған трансферттерді алып тастасақ, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2024 жылдың соңына қарай 72 трлн теңгеге дейін өсіп, ЖІӨ-нің 53,5%-ына жетер еді. Демек, трансферттерсіз ел экономикасының қарыздық тәуекелі күрт артып, бюджеттің тұрақтылығына айтарлықтай қауіп төнер еді. Осылайша, Ұлттық қордың бюджетке қолдау көрсету механизмі Қазақстанның мемлекеттік қарызын басқаруда аса маңызды құрал болып табылады", - дейді сарапшылар.