Қазақстанда 1 маусымнан бастап автосақтандыру қымбаттайды

Қазақстанда 1 маусымнан бастап автосақтандыру қымбаттайды
Фото: egemen.kz

Қазақстанда 1 маусымнан бастап автокөлік иелері үшін міндетті сақтандыру құны қымбаттайды. Бұл туралы журналист Рашит Ілиясов мәлімдеді. Оның айтуынша, өзгерістер бонус-малус жүйесіне енгізілген жаңа тәртіппен байланысты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Журналистің сөзінше, бұған дейін сақтандырудағы жеңілдік жыл сайын 5 пайыздық қадаммен берілсе, енді бұл көрсеткіш 3 пайызға дейін төмендетілген. Соның салдарынан ең жоғары – 13-класта тұрған жүргізушілерге қолданылатын коэффициент өзгеріп, сақтандыру бағасы өседі.

“Мысалы, менің сақтандыруым бар. Қазір мен 13-кластамын. Бүгінде сақтандыру полисі 18 мың теңге тұрады. Ал жаңа қаулы күшіне енгеннен кейін ол шамамен 25 мың теңгеге дейін қымбаттайды. Яғни сақтандыру бағасы 40 пайызға жуық өседі”, – деді Рашит Ілиясов.

Сонымен қатар, енді сақтандыру компанияларына тарифтерді 10 пайыз көлемінде өз бетінше көтеруге немесе төмендетуге мүмкіндік беріледі. Бұл ретте жүргізушінің еңбек өтілі, жол-көлік оқиғасына кінәлі болуы және өзге де факторлар ескеріледі.

Сақтандырушылар мұндай өзгерістер нарықтағы жағдайды жақсартады деп есептейді.

“Бұған дейін сақтандыру нарығы шамамен 199 млрд теңге жинаса, енді базалық сақтандыру сыйақысының өсуі мен компаниялардың бұл өнімге қызығушылығының артуы есебінен түсім көлемі көбейеді”, – деді журналист.