Ұлттық қор ақшасын ұлттық компания акцияларын сатып алуға жұмсау қаншалықты негізді

Кәмшат Тілеухан 27 қар. 2024 16:38 72

Бүгін Мәжілісте Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Ұлттық қордың қаражаты есебінен ұлттық компаниялардың акцияларын сатылып алынуына қатысты егжей-тегжейлі мәлімет ұсынды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Нақтырақ айтқанда, Тимур Сүлейменов Ұлттық қордың қаражатына "ҚазМұнайГаз" және "Қазатомөнеркәсіп" акцияларын сатып алуға қатысты пікір білдірді.

"Иә, бұл пайдаланатындай сондай керемет тұрақты құрал емес шығар. Дегенмен, жасалған бұл екі инвестиция айтарлықтай табыс әкелді. Бірақ, жүйелі құрал ретінде, бұл арада депутаттармен келісемін, оны пайдаланудың қажеті жоқ. Бұл Ұлттық қордың міндетіне жатпайды", - деді ол.

Сүлейменов 2023 жылы Ұлттық қор қаражаты есебінен 1,3 трлн теңгеге "ҚазМұнайГаз" АҚ акциялары сатып алынғанын еске салды.

"Иә, шынымен де бұл фискальдық мәселелерге байланысты болды. Бірақ, іс жүзінде, мұның инвестиция екенін баса атап өткім келеді. Яғни, біз 1,3 трлн теңге инвестицияласақ, ал қазір бұл пакеттің құны шамамен 1,7 трлн теңгені құрайды, яғни 400 млрд теңге Ұлттық қорға қосымша табыс келіп тұр. Бұл жаман емес қой. Биылғы жылдың шілде айында тура осылай 467 млрд теңгеге "Қазатомөнеркәсіп" АҚ акциялары сатып алынды. Бұл табысты компания әрі оның акциялары жақсы сатылады. Қазір бұл инвестициямыз 600 млрд теңгеге бағалануда", - деді ол.

Бұған дейін Тимур Сүлейменовтың Ұлттық қор нарықтық емес шарттарда ЕДБ облигацияларын сатып алу арқылы шамамен 2 трлн теңге жоғалтты деп айтқанын жазған болатынбыз. Сондай-ақ Halyk Finance Басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов Қазақстанда "мемлекеттік капитализм" деп аталатын экономикалық жүйе қалыптасқанын айтып, үлкен зерттеу жариялады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар