2000 жылдардың ортасында мемлекет банк секторын құтқару операциясын іске қосып, бірқатар екінші деңгейдегі банктерге ақшалай көмектескені белгілі. Бүгін Мәжіліске келіп қалған Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтен депутаттар осының жайына кеңінен тоқталуды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Тимур Сүлейменов 2000 жылдардың ортасында сол кездегі "жүйе құраушы" деген банктерге облигацияларын сатып алу арқылы мемлекет көмек көрсеткенін нақтылады. Сондай-ақ, ол соның кесірінен Ұлттық қор 2 трлн теңгеге жуық шығынға ұшырағанын баса атап өтті.
"Банктерге 2000 жылдардың ортасынан бастап облигацияларын сатып алу арқылы көмек көрсетілді. Олар өте төмен мөлшерлемелермен, яғни 1%-дан 3%-ға дейінгі аралықта шығарылды. Жалпы номиналды құны 3 трлн теңгеден асады, ал шындығында нарықтық құны 1,1 трлн теңге болды. Иә, олар нарықтық емес шарттармен шығарылды", - деді Сүлейменов.
Ұлттық банк басшысы 2022 жылы Қазақстанда Ұлттық қорды басқару ережелеріне өзгерістер енгізілгенін еске сала кетті. Оған сәйкес, Ұлттық қордың қаражатын енді орташа мерзімді инфляция деңгейінде (10-12%) пайыздық мөлшерлемесі бар құралдарға ғана инвестициялауға болады. Бұл деңгей мемлекеттік қарыз мөлшерлемесімен сәйкес келеді.
Сүлейменов банк облигациялары қандай мемлекеттік көмек бағдарламасы бойынша сатып алынғанын айта алмады.