Мемлекетке, Ұлттық банкке қарыз банктердің басқарма мүшелеріне және сондай банктермен байланысты тараптарға дивидендтер мен бонустар төлеуге тыйым салынды, сондай-ақ мұндай банктерге әкімшілік шығыстарын арттыруға да шектеу қойылды, деп хабарлайды Dalanews.kz ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.
"Соңғы инстанциядағы займ (соңғы сатыдағы қарыздар – Ұлттық Банктен алынған қарыз ақшалар) ақшаларын пайдалануды шектеудің орнына басшы қызметкерлерге дивидендтер мен бонустар төлеуге, сондай-ақ банкпен байланысты тараптарға қарыздар мен төлемдер беруге және әкімшілік шығыстарды ұлғайтуға тыйым салынды", делінген ҚНРДА-ның "Банк секторының 2025 жылға арналған қадағалау саясатының негізгі басымдықтары" атты құжатында.
Ондағы ақпаратқа сәйкес, банктер жұмысындағы ақаулар кезінде төлемге қабілетті банктердің орнықтылығы мен өтімділігін қамтамасыз етуде соңғы сатыдағы қарыздарды беру тетігін жақсарту үшін агенттік пен Ұлттық Банк бірлесе қаулы қабылдады.
Сондай-ақ, нарықта жоқ активтердің сапасын бағалау үшін тұрақты AQR нәтижелерін пайдалану тәсілі енгізіледі, қамтамасыз ету ретінде қабылданатын активтердің тізбесі кеңейтіледі, банктер ұсыну үшін құжаттар тізбесі едәуір қысқартылады, құжаттарды өткізу процесі, атап айтқанда электрондық түрде ұсыну мүмкіндігі жеңілдетіледі.
Бұған дейін сайтымызда "Өкіртіп табыс тапса да мемлекеттен алған қарызын қайтармай жүрген қай банктер" деген мақала жарияланған болған.