Ұлттық Банк Ұлттық қордың ақшасын инвестициялаудың тағы бір амалын тапты

Кәмшат Тілеухан 21 там. 2025 09:53

Ұлттық Банк Ұлттық қордың активтерін басқару тиімділігін арттыруға және инвестициялау құралдарын әртараптандыруды жақсартуға бағытталған құжат жобасын әзірлеуде. Осылайша Ұлттық Банк Ұлттық қор ақшасын тағы бір бағытқа инвестициялаудан үмітті. Атап айтқанда, табысы құнымен бірге өсіп отыратын бағалы қағаздарға, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Реттеуші орган дамыған елдердің мемлекеттік облигациялар портфелі аясында Ұлттық қор қаражатын инфляциялық индекстелген мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялау мүмкіндігін қарастырмақ.

Ол үшін тиісті ICE BofA Global Inflation-Linked Government Index кеңейтілген индексі таңдалды. Ол дамыған елдердің мемлекеттік инфляциялық индекстелген облигацияларын қамтиды және облигациялардың осы түріне әлдеқайда қолайлы саналады.

Инфляциялық индекстелген мемлекеттік бағалы қағаздар – бұл номиналды құны тұтыну бағасының өсуіне байланысты өзгеретін мемлекеттік облигациялар. Ал купондық төлемдер осы түзетілген құн негізінде есептеледі.

Ұлттық Банк тұрақты кірістілігі бар мемлекеттік бағалы қағаздардан айырмашылығы, мұндай облигациялар инвестициялардың сатып алу қабілетін және кірісті нақты мәнде сақтауды қамтамасыз ететінін нақтылайды.

Дефляция кезінде, әдетте, бұл қағаздардың номиналды құны белгіленген шектен төмен түспейді, бұл бастапқы инвестициялардың сақталуына кепілдік береді. Осылайша, ұсынылған өзгертулер тұрақтылықты арттыруға және ұзақмерзімді перспективада Ұлттық қордың кірістілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қаулы жобасы қоғамдық талқы үшін "Ашық НҚА" порталына орналастырылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар